Негізгі Жаңалықтар Өскелең ұрпақтың ұғымындағы патриотизм

Өскелең ұрпақтың ұғымындағы патриотизм


ДИКТОР: Патриотизм – елін сүюмен қатар, оның тарихын құрметтеп, болашағына жауапкершілікпен қарау. Ал өскелең ұрпақтың бойында осы қасиеттерді қалыптастыру – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды міндеті. Бұл ретте мектептің орны ерекше. Себебі дәл осы ортада баланың азаматтық ұстанымы қалыптасып, ұлттық құндылықтарға деген құрметі артады.

РКС: Тарихты білу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, ана тілін ардақтау – патриоттық тәрбиенің негізгі өзегі. Шаhардағы №4 мектепте бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша мән беріледі. Білім ордасында оқушылардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру мақсатында түрлі сабақтар, тағылымды кездесулер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тәрбиелік жұмыстар арқылы жас ұрпақ ел тарихын танып, төл мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын бойына сіңіреді.

СНХ: ДӘРИЯ ӘЛІБЕК, №4 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен үшін нағыз патриот болу - бұл өз Отаныңды сүю және де қазақ тілінің қоғамын, тілін, мәдениетін жақсы меңгеру және де құрметтеу. Біз салт-дәстүрімізді құрметтеуіміз қажет. 


СНХ: ШЫНАРА ӘБДІЖАПАР, №4 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Менің ойымша, патриотизм – туған еліңді сүйетініңді сөзбен ғана білдірмей, нақты іспен дәлелдей білу. Отанға деген сүйіспеншілік – ел тарихын білу, ана тілімізді құрметтеу, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтау. Мен халқымыздың қонақжайлығын, еліміздің көркем табиғатын, асқар таулары мен кең-байтақ даласын мақтан тұтамын. Сондай-ақ еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшыларымызды, ғалымдарымыз бен өнерпаздарымызды ерекше бағалаймын.

РКС: Азаматтық ұстаным мен Отансүйгіштік қасиет баланың бойына отбасында қалыптасып, мектеп қабырғасында дамиды. Бұл ретте білім ордасының ролі ерекше. Себебі дәл осы кезеңде жас ұрпақ ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, туған жерін құрметтеуді, тарихы мен мәдени мұрасын қадірлеуді үйренеді.

СНХ: ӘДІЛХАН МҰҚАНОВ, №4 ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ: Өскелең ұрпақтың бойында Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда мектептің орны айрықша. Мектеп – білім беретін орта ғана емес, баланың тұлға болып қалыптасып, азаматтық көзқарасы мен өмірлік ұстанымы қалыптасатын тәрбие ордасы. Сондықтан балаға сапалы білім беріп қана қоймай, әрқайсының бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру қажет. Меніңше, патриотизмнің негізі – кішкентай істер. Оның бастауы – отбасы, мектеп және туған өлке. Жас ұрпақты ең алдымен үлкенді сыйлауға, айналасындағы адамдарды құрметтеуге және мейірімді болуға үйрету керек.

РКС: Патриотизм – ел тарихы мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеумен шектелмейтін ұғым. Ол күнделікті іс-әрекеттен, қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылыстан және туған елдің өркендеуіне қосқан үлестен көрінеді. Бүгінгі мектеп оқушылары – Қазақстанның ертеңгі тірегі. Олардың алған білімі, бастамашылдығы мен жауапкершілігі – ел болашағының негізі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АКПАРАТ


Бөлісу