Негізгі Жаңалықтар Сын мен ғылым сардары

Сын мен ғылым сардары


ДИКТОР: Көкшетауда әдебиет зерттеуші, ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың туғанына 115 жыл толуына орай «Сын мен ғылым сардары» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Шара қазақ әдебиетінде, мәдениетінде, тарихында, ғылымында терең із қалдырған көрнекті ғалым, профессор Есмағамбет Ысмайыловтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналды.

РКС: Есмағамбет Ысмайылов – қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалымның бірі. Ол әдеби сынның теориялық негіздерін зерттеп, қазақ әдебиетінің тарихы мен ақындық өнерді зерделеуге айрықша еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми мұрасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: 20-шы ғасырдың бас кезінде, әсіресе 1920-30-шы 1930-шы, 1940-50-шы жылдардағы, осы 40 жылдың ішінде қазақ әдебиеттің теориялық мәселелер көп зерттелген болатын, көп қаралды, негізі қалыптасты. Қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерімен айналысқан ғалымдардың бірі – Есмағамбет Ысмайылов. Әсіресе қазақ әдебиеті сынның, оның теориялық негіздерінің концептуалдық мәселелерімен айналысқан. Сынның теориялық жағынан зерттелуі алғашқы рет соның қалыптасушыларының бірі болып есептеленеді. Соның ішінде, әсіресе сол кездегі қоғамдық идеологиялық формацияға байланысты соцаилистік реализмнің қазақ әдебиетінде қалануы, оның өркендеп дамуы, жетілуі, толықтырылуы мәселелерінде Есмағамбет Ысмайылов тұрды. 

РКС: Конференция барысында ғалымның қазақ әдеби сынының теориясын қалыптастырудағы еңбегі кеңінен сөз болды. Қатысушылар оның ғылыми зерттеулеріне тоқталып, әдебиеттану саласындағы ізденістерінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Есмағамбет Ысмайыловтың ғылыми көзқарастары мен зерттеу бағыттарының қазақ әдебиетінің дамуына ықпалы талқыланды.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Бұл біздің даңқты жерлесіміз, Көкшенің перзенті, ғылымға да, әдеби сынға да еңбек сіңірген кісі. Кезінде классик жазушымыз Мұхтар Әуезов Есмағамбет Ысмайылов жөнінде – ол қазақ әдебиетінің еңбек тұғыры деген үлкен баға берген. Өзінің заманында Есмағамбет Ысмайылов репрессиядан бастан кешіріп, соның құрбаны болды. Келгеннен кейін сол 50-шы жылдардың ортасында Қазақстанның ғылым академиясында әдебиет және өнер институтында үлкен ғылыми шығармашылық еңбектерін шығарды.

РКС: Есмағамбет Ысмайыловтың өмір жолы да оңай болған жоқ. Саяси қуғын-сүргінді бастан өткерген ғалым кейін ғылыми қызметіне қайта оралып, әдебиеттану саласында жемісті еңбек етті. Оның «Ақындар» атты монографиясы қазақтың дәстүрлі ақындық өнері мен сал-серілік поэзиясын зерттеуде құнды ғылыми еңбек саналады. Бүгінде ғалымның мұрасы жас зерттеушілер үшін де маңызды.

СНХ: АСЫЛАЙ ТҰРҒЫН, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұл біріншіден біз үшін Көкшетаудың өңірінен шыққан тұлғаның өмірімен, шығармашылығымен танысу өте маңызды. Себебі болашақ филолог мамандар болғандықтан бізге әр тұлғаның жеке өмірі, оның үстіне Есмағамбет Ысмайыловтың тарихымен танысу қызық болды. Сол себепті бүгінгі конференция студенттер үшін маңызды деп есептеймін. 

РКС: Жиынға қатысқан студенттер конференцияның тағылымдық маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, туған өлкенің көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын танып-білу болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Осындай ғылыми кездесулер өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиет пен ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. 


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу