«Қауіпсіз автокөлік»: жүргізушілерге өрт қауіпсіздігі ережелері ескертілді
ДИКТОР: Өңірде жыл басынан бері 90-нан астам автокөлік өрті тіркелді. Осындай оқиғалардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция өкілдерімен бірлесіп, «Қауіпсіз автокөлік» атты профилактикалық акция өткізді. Шара барысында жүргізушілердің өрт сөндіргіштерінің бар-жоғы тексеріліп, көлік өртенген жағдайда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді.
РКС: «Қауіпсіз автокөлік» акциясы республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Профилактикалық шаралар жанармай құю бекеттерінде, автотұрақтарда және көлік көп шоғырланатын орындарда өтті. Мамандар автокөліктердің өртену себептерін түсіндіріп, өрт сөндіргішті дұрыс пайдалану жолдарын көрсетті. Сондай-ақ электр сымдары мен жанармай жүйесінің жарамдылығын үнемі тексеріп отырудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе көлікте өрт сөндіру құралдарының болуы мен жарамдылық мерзіміне баса назар аударылды.
Интершум:
РКС: Департамент қызметкерлері автокөлік иелеріне өрт сөндіргіштер мен естелік сыйлықтар табыс етті.
СНХ: ЕЛЕНА САВЧЕНКО, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: Жақында бір көліктің өртенген жағдайын көрдім. Сол кезде ер адамдардың қолдарына шүберек алып, өртті сөндіруге жүгіріп жүргенін байқадым. Сонда көліктегі өрт сөндіргіш қайда екен деп ойладым. Сондықтан үлкен рақмет! Қауіпсіздік ережелерін міндетті түрде сақтау керек. Күн сайын көлік жүргіземін. Балаларымды алып, алыс жолға да шығамын. Шынымды айтсам, өрт сөндіргішті қайдан сатып алуға болатынын да білмейтін едім. Оның көлікте болуы міндетті екенін білсем де, қайдан алатынымды білмедім. Сондықтан осындай акцияға қатысуға шақырып, тоқтатып, өрт сөндіргіш сыйлағандары өте қуантты. Әдемі кесе де сыйлады. Азаматтардың қамын ойлап, қауіпсіздігіне мән беріп жатқандары ерекше қуантады.
СНХ: ОЛЖАС ҚАСЕНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: Өрт сөндіргіш үшін рақмет! Барлық жүргізушілерді өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамын. Көлік жүргізу тәжірибеме он жыл болды. Түрлі жағдай болуы мүмкін. Қазір ауа райы да құбылмалы, жол тайғақ. Көлік аударылып немесе электр жүйесінде қысқа тұйықталу болып, өрт шығуы мүмкін. Сондықтан дәрі қобдишасы мен өрт сөндіргіштің бар-жоғын үнемі тексеріп отырыңыздар. Жолда абай болыңыздар!
РКС: Онкүндік аясында жергілікті атқарушы органдар жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауын және жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
СНХ: БАҚЫТЖАН АЛАШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Қазақстан Республикасы бойынша, өздеріңіз білесіздер, Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен өрт қауіпсіздігіне арналған онкүндік акциясы өтіп жатыр. Соған байланысты бүгін, жетінші күні, облыс бойынша автокөліктердегі өрт қауіпсіздігіне арналған акция өткізілуде. Жеке құрамнан шамамен 1700 адам түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Біздің өңірде биыл автокөліктердің жануына байланысты 91 факті тіркелген. Оның басты себептерінің бірі – қысқа тұйықталу, яғни электр сымдарының дұрыс жалғанбауы.
СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл акциялар облыс және өңір әкімдіктерінің, Төтенше жағдайлар мен полиция департаменттерінің бірлескен жұмысы. Басты мақсат – көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар, ең алдымен, көліктегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және адамдардың өмірін қорғауға бағытталған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл көліктегі осындай қайғылы оқиғалардың саны 6 пайызға төмендеді.
РКС: Құтқарушылардың айтуынша, автокөліктен өрт шығуына қысқа тұйықталу, жанармай жүйесіндегі ақаулар және көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Сондықтан автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп, бөгде иістер мен ақау белгілеріне бейжай қарамау қажет. Ал өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау керек.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ