Профессор Қайролла Қамбаров - 90 жаста
ДИКТОР: Тоқсанның төріне шықса да, профессор Қайролла Қамбаров университет аудиториясынан қол үзген емес. Әлі де тақта алдында тұрып, студенттерге дәріс оқиды. Білгенін кейінгі буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді өмірлік міндеті санайды. Ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Өмір жолы – ұрпаққа өнеге» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында әріптестері мен шәкірттері профессордың ғылым мен білім саласына қосқан үлесін, ұстаздық жолы мен азаматтық келбетін сөз етті.
РКС: Инженерлік графика мен сызба геометриясы - дәлдік пен тиянақтылықты талап ететін пәндер. Қайролла Идаятұлы күрделі тақырыптарды студенттерге қарапайым тілмен түсіндіріп, әр тапсырманың орындалу жолын тақтаға өзі сызып көрсетеді. Әр студенттің сабақты меңгеруіне мән беріп, түсінбеген тұсын қайта түсіндіруден жалыққан емес. Шәкірттері ұстаздың осы жауапкершілігі мен мамандығына деген адалдығын жоғары бағалайды.
СНХ: ТАИСИЯ СУХОРУКОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Білгенін бізге барынша түсінікті етіп жеткізуге тырысады. Әр тапсырманы тақтаға өзі сызып, орындалу жолын егжей-тегжейлі көрсетеді. Осындай әдісінің арқасында пәнді меңгеру бізге әлдеқайда жеңіл.
СНХ: ЕВГЕНИЯ СЧАСТЛИВАЯ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Сабақты асықпай, барынша түсінікті етіп түсіндіреді. Оның өз пәнін жетік меңгергені, мамандығына шын берілгені әр дәрісінен байқалады. Ұстаздың сабаққа деген ықыласы бізге де әсер етеді. Өз басым осы пәнге бұрынғыдан да қызығушылықпен қарай бастадым.
РКС: Ұстаздың ұлылығы - шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Тоқсан жылдық ғұмырының елеулі бөлігін білім саласына арнаған Қайролла Идаятұлы талай жастың кәсіби қалыптасуына жол ашты.
СНХ: ҚАЙРОЛЛА ҚАМБАРОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: Егер студент сызбаны дұрыс әрі сауатты орындаса, бұл – ұстаз бен шәкірт арасында өзара түсіністік бар деген сөз. Сондықтан үнемі ізденіп, кәсіби деңгейімді сақтауға мән беремін. Шәкірттерімнің көңілінен шығып, олардың жетістігін көру – мен үшін үлкен қуаныш.
РКС: Дөңгелек үстелде әріптестері мен шәкірттері Қайролла Қамбаровтың өмір жолынан естеліктер айтып, ұстаздық еңбегіне тоқталды. Ғылым мен білімге арнаған ғұмыры, талай шәкірттің кәсіби қалыптасуына қосқан үлесі – кейінгі буынға өнеге. Тоқсанға толса да, профессор аудиториядан алыстаған емес. Бүгінде де студенттерге дәріс оқып, білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуін жалғастырып келеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ