ДИКТОР: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов қала және аудан әкімдерімен кезекті жиын өткізді. Отырыста су тасқыны кезеңінің қорытындылары мен орман және дала өрттерінің алдын алу шараларына дайындық мәселелері талқыланды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Жиын барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігі мен су тасқынына қарсы шараларды жоспарлау сапасының төмен болғандығын сынға алды. Аудан әкімдері өңірдегі мәселені біле тұра, қажетті шараларды уақытылы қолға алмаған. Мәселен, инспекциялық тексеріс қорытындысы бойынша Ерейментау, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Біржан Сал, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын және Шортанды аудандарында бірқатар олқылық анықталды.
СНХ:МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Макинск қаласында арықтар тазартылғанымен, су өткізу құрылғылары қайтадан сол арықтардың бойына төселген инертті материалмен жабылып қалған. Қыс мезгілінде жыл сайын су басатын аумақтар қардан тазартылмаған. Соның салдарын биыл тағы тарттық. Иванковка ауылында айналма арықты тереңдету және кеңейту жұмыстары аяқталмаған. Жұмыстар қыс мезгілінде жүргізілгендіктен, қажетті қорғаныс шараларымен қамтамасыз етілмеген. Астраханка ауылында су ағызу арналары сапасыз салынған. Жекеменшік тұрғын үйлерге кіретін автокөлік жолдары ескерілмеген. Сондықтан тұрғындар көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін өз бетінше арықтарды жауып тастаған. Ал ол еріген судың қалыпты өтуіне кедергі келтірді.
РКС: Көктемгі су тасқыны кезінде 120 тұрғын үйді су басып, 118 автожолды су шайып өткен. Төтенше жағдайлар қызметі жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігін атап өтті. Дайындықтың тиісті деңгейде емес екендігі жөнінде ескертілгенімен, Атбасар, Бұланды, Астрахан, Ақкөл, Жақсы және Целиноград аудандарының әкімдері оған құлықсыздық танытқан.
СНХ:РЕНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Атбасар ауданының Ақан Құрманов ауылында былтыр 28 тұрғын үй су астында қалды. Биыл су тасқынына дайындық кезінде жергілікті әкімдік одан тиісті қорытынды шығармаған. Соның салдарынан ауылда тағы 13 тұрғын үйге су кірді. Қалқұтан өзенінің деңгейі көтерілген кезде Ескі Қалқұтан, Қалқұтан және Ягодное ауылдарын су басты. Біз өз тарапымыздан Ескі Қалқұтан мен Қалқұтан бойындағы өзен арнасын нығайту және тереңдетуге байланысты жүргізілген жұмыстар туралы бірнеше мәрте мәселе көтердік. Жоба бойынша жұмыстар 11 шақырымға жоспарланған болса, оның тек 3,4 шақырым ғана орындалды. Оның өзінде 3 учаскеге бөлінген. Бұл өз кезегінде оның тиімсіздігін көрсетті.
РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінен бөлек, волонтерлер мен тұрғындардардың үлесін де ерекше атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бәрі бір адамдай жұмылып, жұмыс істеді. Оны мойындау керек. Ауыл тұрғындары, волонтерлар көмек жасады. Сондықтан осындай апат келген кезде ел мен билік бірігіп, осындай табиғаттың жағымсыз әсерін азайту үшін бәрі қолынан келгенше жұмыс атқарды. Енді 2026 жылы осыны болдырмау мәселесін мұқият қарауымыз керек. Бірақ мәселе бар. Ақмола облысының ерекшелігін де айта кету керек. Бізде 494 көл бар, 111 ресми түрде тіркелген өзен бар. Сондай-ақ Казгидромет мәліметінше, республика бойынша нормадан асқан ол Ақмола облысы. Сондықтан, оны бірігіп, ұсыныс енгізіп, қандай шара керек, қандай қаражат керек екендігін шешу керек.
РКС: Жиында көтерілген тағы бір мәселе орман және дала өрттерінің алдын алу. Бүгінде облыс аумағында құрғақ шөп өртенуінің 98 дерегі тіркелген. Аймақта табиғи өрттердің ошағын анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, 108 мобильдік топ құрылған. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға өрт жиі орын алатын аудандарға тексеріс жүргізуді міндеттеді. Жиын соңында аймақ басшысы Марат Ахметжанов жергілікті әкімдіктерге төтенше жағдайлар департментімен бірлесе, 1 ай ішінде Астрахан ауданына қарасты Ягодное, Ескі Қалқұтан, сондай-ақ су тасқынына жыл сайын ұшырайтын бірқатар елдімекенде орналасқан тұрғын үйлерді қауіпсіз жерге көшіру мәселесін тапсырды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ