ДИКТОР: Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола облысында жолдағы жылдамдыққа шектеу енгізілді. "Көкшетау - Астана, Көкшетау - Петропавл" автожолының белгілі бір бөлігінде қалың қар мен көктайғаққа байланысты жылдамдық шектеуі 110-нан 80-ге дейін төмендетілді.

STAND-UP: ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ТІЛШІ: Ауа райының қолайсыздығына байланысты кешеден бері өңірде 200 полиция қызметкері тасжолда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Ұзақ жолға шыққан 2 мыңға жуық көлік жүргізушісі кері қайтарылды. Өйткені, көпшілігі қысқы маусымдық дөңгелектерін әлі ауыстырмаған. Айта кетейік, 1-ші желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелектерін ауыстырмаған көлік жүргізушілері айыппұл арқалайды.

СНХ: ӘСЕМБЕК КӨШЕЙ, ЖҮРГІЗУШІ: Мен қазір жазғы дөңгелектерімді алдым. Қысқы дөңгелекке айырбастадым. Енді жазғы дөңгелектер қыста жүрсе, енді екеуінде екі бөлек қой. Ол тасжолда жүргенде апатқа ұшырау мүмкін. Сондықтан, біз жазғы дөңгелектен қысқы дөңгелекке айырбастадық.

РКС: Өңірде жол апаты былтырғы жылмен салыстырғанда 3 процентке көбейген. Жол-көлік апатының басым бөлігі дәл осы Көкшетау-Астана тасжолында тіркеледі. Сондықтан, полиция қызметкерлері жол бойындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, көлік көп қатынайтын жолдарды ерекше бақылауға алып отыр.

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Ауа райының күрт нашарлауына және көктайғақтың болуына байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген патрульдік режимге көшті. Ескертулерге қарамастан, көптеген жүргізушілер жазғы маусымдық дөңгелектермен ұзақ жолға шығып, жол апаты қаупін төндірді. Қабылданған шаралар мен патрульдік қызметкерлердің жұмысының арқасында жол апаты тіркелмеді. Сонымен қатар, көктайғақтың алдын-алу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 24 сағат ішінде республикалық автомобиль жолдарын тазарту үшін 190 техника мен 900 тоннадан аса мұз еруті материалы пайдаланылды.

СНХ: ХАМЗАТ СҰЛТАНОВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жалпы Қазақстанда жолдар бәрі ашық. Қысқы күту жұмыстарына 352 техникамыз бар. Бұл Қазақстанда толығымен дайын. Тұз материалдарын толығымен дайындадық. Одан кейін 745 адам қамтылған. Енді жабылу, ашылу бойынша бізде тікелей колл центнер бар. 1403 соған хабарласуға болады қандай жолдар қандай жағдайда, ашылуын және жабылуын ақпарат алуға болады.

РКС: Мамандар жүргізушілерге ұзақ сапарға шықпас бұрын ауа райы мен жол жағдайын тексеруге, көліктің қысқы жабдықтарын дайындауға және жылдамдық тәртібін қатаң сақтауға шақырады. Ал, ауа райы болжамының мәліметінше, осы аптада күн жылынып, көктайғақ әлі де орын алуы мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде абай болған жөн.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ