ДИКТОР: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов белсенді ұзақ орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Шаһарда қанат жайған белсенді өмір орталығы игі бастамалармен ерекшеленіп келеді. Бүгінде белсенді өмір сүруді ұстанған аға буын өкілдерінің саны артқан. Қазірдің өзінде мұнда 1400-ге жуық зейнеткер тіркелген.
РКС: Әдей Әбілке белсенді ұзақ өмір орталығына тұрақты келіп тұрады. Жасы 70-тен асса да сыр берер емес. Әлі де жүрісі ширақ, көңілі сергек. Өмірге құлшынысы жоғары. Мұндағы барлық үйірмеге белсене қатысады.
СНХ: ӘДЕЙ ӘБІЛКЕ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен мына ұзақ өмір орталығына келгелі 3 ай болып қалды. Осында міне, тенниске, асық атуға қатысамын, хорға, қатысамын, атқа мініп, серуендейміз. Шамамыз келгенше бәріне қатысуға тырысамыз. Бұл бізге өте жақсы болды, қарттарға. Бұрын теннис жоқ болатын, енді міне ашылып жатыр. Ат жоқ болатын, қосылып жатыр, қосылып жатыр. Рахмет!
РКС: Кездесу барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов зейнеткерлермен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінде орталықта спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытында 16 үйірме жұмыс істейді. Қазыналы қарттар, әсіресе қозғалыс пен спорттық үйірмелерге ықылас танытуда. Орталық күніне 150 адамға есептелгенімен, келушілер саны бүгінде 400-ге жеткен. Осы ретте қариялар ғимараттың тарлығына қатысты өз өтініштерін жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтты. Бұдан соң қариялардың игілігіне арнап орталыққа жаңа автокөлік сыйға тартты.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл бастамасы ғана. Әрі қарай сіздердің жағдайларыңызды жақсарту, кеңейту осы орталықты – ол біздің басты назарымызда. Оның жалғасы болады. Биыл енді үлкен спорт кешендерін ашып жатырмыз. Сарыарқа ауданында үлкен спорт кешені ашылады. Желтоқсан айында. Ол жерге де сіздер барып, тегін спортпен айналысуға мүмкіндік береміз ол жерге де. Қаламызда жалпы үлкен оң өзгерістер бар, оны да көріп отырсыздар. Экономикамыз да өсіп келе жатыр. Биыл жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатырмыз.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Облыс әкімі тарапынан бізге теннис столы сыйға тартылып жатыр. Бұл да көптен бері сұраныста. Теннис ойнағысы келетін адамдар күн сайын келіп, бізге өтініш беретін. Бұл да біздің қызметкер, қызмет алатындарды әртүрлі туристік бізде үйірмелер бар, соңғы кездері атпен серуендеу сияқты үйірмелер ашып жатырмыз, бассейн, фитнес, осының барлығы соларды апаратын бір көлік мәселесі шешілді.
РКС: Сондай-ақ «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев орталыққа киіз үй тарту етті. Аймақ басшысы бұл қолдаудың бастамасы ғана екенін жеткізді. Алдағы уақытта сұранысқа сай жаңа үйірмелер ашылып, орталықтың мүмкіндіктері одан әрі кеңейетінін айтты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ