ДИКТОР:Білім беру саласында мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді педагогтардың кәсіби құзыреттілігі жаңа талаптар бойынша бағаланады. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС:Қазір аттестация «Ustaz» платформасы арқылы жүргізіледі. Жаңа ережелер мұғалімдердің еңбегін әділ бағалауға, олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған. Сонымен бірге ұстаздың мотивациясын арттыруға да ықпал етпек. Аттестация кезінде педагогтың оқу процесін ұйымдастыру қабілеті, оқушылардың жетістіктері мен жеке кәсіби нәтижелері ескерілмек.

СНХ:ГҮЛДАРАЙ МАНИКОВА, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Бірінші жылы мен категорияға өтпей қалдым. Қандай себептер болды – жинаған құжаттарымның арасында достижениям жетпей қалғандықтан құжаттар өтпей қалды. Содан кейін маған қосымша құжаттар жинау керек болды. Балалардың жетістіктері керек болды. Келесі жылы Ustaz платформасы арқылы құжаттарымның барлығын тіркедім. Жетіспеген жетістіктерімнің барлығын қосып, осы платформасының арқасында модератор категориясын алып отырмын.

РКС:Мұғалімдер портфолио тапсырумен қатар, тәжірибесін растайтын материалдарды онлайн форматта ұсына алады. Бұл шара бағалау рәсімін ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.

СНХ: МИРГҮЛ АЙНЫШЕВА, «ӨРЛЕУ» ҰЛТТЫҚ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осыдан бес жыл бұрынғыдай құжат жинаудың қажеті жоқ. Енді бір жыл өткен соң-ақ қажетті материалдарды тіркеуге болады. Бұл, әсіресе, тұрғылықты жерін ауыстырған педагогтар үшін өте қолайлы. Аттестация алдында олар бұрын жұмыс істеген мектептен бес жыл бұрынғы оқушылардың білім сапасы туралы мәліметтерді іздеп әуреленбейді. Ustaz платформасының арқасында ең алдымен қағазбастылық азаяды. Бұл – мұғалімдер үшін ашықтық және өз кәсіби дамуын бақылау мүмкіндігі.

РКС:Министрлік өкілдері жаңа жүйе ұстаздардың мәртебесін арттыруға және білім сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деген уәж айтып отыр. Ол енді уақыт еншісінде.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ