ДИКТОР: Облыстың барлық аудан-қалаларында бір мезгілде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Көкшетауда бұл шара халық көп жиналатын сауда орталығының бірінде өтті. Мұнда кез келген қала тұрғыны әлеуметтік, еңбек және өзге де мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес алды.
РКС: Прокурорлар, адвокаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері әрбір сұраққа мұқият қарап, азаматтарға күрделі өмірлік жағдайларды түсінуге көмектесті. Кеңестер түрлі бағыт бойынша жүргізілді: еңбек даулары, әлеуметтік төлемдер, алимент және басқа да мәселелер қамтылды. Ал егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін сұрақтарды мамандар бақылауға алды.
СНХ: РУФАТ ҚҰТТЫҚОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Барлық азамат үшін ыңғайлы болуы мақсатында іс-шара өткізу орны ретінде сауда орталығы таңдалды. Себебі мұнда келушілер көп, сондықтан кез келген қала тұрғыны өзіне қажетті сұрақтар бойынша кеңес ала алады. Ең бастысы – бұл қоғаммен өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі, әрі ол Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді.
РКС: Осындай акциялар құқық қорғау органдарының халыққа барынша жақындай түскенін көрсетеді. Олар ашық диалогқа дайын, азаматтардың пікірін тыңдауға және көмек көрсетуге әзір.
СНХ: ЕЛЕНА ФОМИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл жерге жұмыс орнымдағы мәселеме байланысты келдім. Мен дүкеннің меңгерушісі болып жұмыс істеймін. Маған адвокат толық көмек көрсетіп, сапалы кеңес берді. Көрсетілген кеңес кәсіби әрі тиімді деңгейде өтті. Менің бойымда сенім мен тыныштық пайда болды. Менің басыма түскен күрделі жағдайдан шығудың жолдарын түсіндіріп берді, бағыт-бағдар көрсетті. Кәсіби өмірдегі қиындықтардан біраз уайымдағаныммен, қазір тыныштық тауып, алдағы әрекеттерімді нақты түсінген күйде кетіп барамын.
СНХ: БАҚЫТ ӘЛІБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен адвокатпен ақылдаса отырып, ауырып жатқан анама күтім жасауға кеткен бес жылдық еңбек өтілімді зейнетақы есептеу кезінде өз еңбек өтіліме қосу жолдарын сұрадым. Қазір қандай нақты қадам жасау керегін және қай құқық қорғау органына жүгіну қажет екенін білемін.
РКС: Айта кету керек, «Халық заңгері» республикалық акциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл бұл шара тек Ақмола облысының өзінде 27 алаңды қамтыды. Акцияның басты мақсаты – тек құқықтық кеңес беру ғана емес, заңның қашан да халықтың жағында екенін ұғындыру. Әрбір азаматтың өз құқығын қорғауға мүмкіндік алуына жағдай жасау.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.