ДИКТОР: Енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар табысының 4 проценті көлемінде әлеуметтік жарна төлеуге міндеттеледі. Жаңа салық заңнамасына енгізілген өзгерістер Көкшетауда өткен арнайы жиында түсіндірілді. Әріптесім Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Жаңа салық кодексіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар табысының 4 пайызы көлемінде әлеуметтік жарна төлейді. Бұл ретте олар жеке табыс салығынан босатылады және жылына 4080 айлық есептік көрсеткішке дейінгі табысын заңды түрде рәсімдей алады.
Ал шағын бизнес үшін ең жоғары мөлшерлемесі 4 %, ал белгілі бір талаптар орындалған жағдайда 2 %-ке дейін төмендейтін жаңа режим енгізілді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтып, салық жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейді.
СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 2025 жылдың 18 шілдесі мемлекет басшысы мен жаңа салық кодексіне қол қойылды. Бүгінгі күні біз Көкшетау қаласының тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, семинар өткізіп жатырмыз. Жеке табыс салығы, корпаративтік табыс салығы, қосылған құн салығы бойынша көптеген өзгерістер бар. Тек қана заңды тұлғалар емес, жеке тұлғаларға да қатысты өзгерістер бар, оның ішінде көлік салықтары бойынша, мүлік салықтары бойынша өзгерістер өте көп. Көптеген ставкалар бойынша өзгерістер бар. Ол жеке табыс салығының ставкалары өзгертілді. Қосылған құн салығының ставкасы 12 % болатын, ендігі жылы 16 % болатын болды.
РКС: Сондай-ақ, жиында корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, акциз, көлік, жер және мүлік салығындағы өзгерістер түсіндірілді. Департамент өкілдері кәсіпкерлердің өзекті сауалдарына жауап берді. Жаңа заң есеп-қисап көлемін шамамен үштен біріне қысқартып, декларацияны енді жылына бір рет тапсыруға мүмкіндік бермек. Салық талаптарының орындалуын бақылау тәуекелдерді бағалаудың автоматтандырылған жүйесі арқылы іске асады. Ал берешек мөлшері аз болған жағдайда кәсіпорын шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Бұл бизнеске қолайлы орта қалыптастырып, ел экономикасының тұрақты дамуына серпін бермек.
СНХ: РИЗАГҮЛ ГАЛАДИЙ, «RIZA COMPANY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік кірістер комитетіне зор алғысымды білдіремін. Бізге ұсынылған ақпарат көлемді, түсінікті және дәл болды. Мен Көкшетау қаласындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшысымын. Бүгінгі ұсынылған ақпарат біздің клиенттеріміз үшін өте маңызды. Біз барлық түрдегі бухгалтерлік қызметтерді көрсетеміз, сонымен бірге қоғамдық тамақтану орындарымен де жұмыс жасаймыз. Бүгін ұсынылған мәліметтердің барлығын тұтынушыларға қызмет көрсету барысында нақты қолдана аламыз.
РКС: Жаңа ережелер салық жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, қаржылық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ