ДИКТОР: 5510 әскери бөлімінде 700-ден аса сарбаз қызмет етуде. Олар үшін әскер – өмірдегі алғашқы маңызды тәжірибе, мінез бен ерік-жігердің сынағы. Бір жыл бойы сарбаздар нақты тәртіппен өмір сүреді: ерте тұру, дене шынықтыру, саптық және тактикалық дайындықтардан өтеді. Сарбаздардың бір күндік өмірі туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Сарбаздар алғашқы күннен бастап тәртіпке, жауапкершілікке және өзара көмекке үйренеді. Бәрі жарғыға сай. Елдің түкпір-түкпірінен келген жас жігіттер бір ұжымға айналып, бірге сынақтардан өтеді, кезекшілік атқарады, тәртіпті қадағалайды және жауынгерлік дайындықтарын жетілдіреді. Азамат Есентай – қатардағы жауынгер. Ол да Отан алдындағы борышын өтеуге келген.

СНХ: АЗАМАТ ЕСЕНТАЙ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР: Актөбе қаласынан келдім. Маусым айынан бері осында қызмет етемін. Ең бастысы – саптық дайындық: дұрыс жүру, саптан шығу, дұрыс сөйлесу сияқты әдеп пен білімнің негізін үйретеді. Ең қызығы – атыс жаттығулары. Жалпы, атуды үйрендім. Маған бәрі ұнайды.

РКС: Жақында жаңа казарма ашылды. Бұл – оқу мен демалуға арналған заманауи орын. Жаңадан келген сарбаздар кезекшілік атқарып, жаңа дағдыларды меңгеріп жатыр.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: НҰРСҰЛТАН ЗАКЕРЬЯНОВ, БРИГАДА КОМАНДИРІНІҢ ТЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: 5510 әскери бөлімінде бір асхана бар. Ол тәулік бойы, аптаның жеті күнінде жұмыс істейді. Ас мәзірі апта сайын бригада командирімен бекітіледі. Әр жұма сайын сарбаздарға бешбармақ пен шелпек, ал дүйсенбі күндері сорпа беріледі. Ас мәзірді медициналық және тыл қызметінің мамандары әзірлейді. Тағамның калориясын қадағалап, бәрі жоғары басшылық бекіткен нормаларға сай болуы тиіс.

РКС: Тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы сарбаздарға көрсетілетін психологиялық қолдау жайлы айтты.

СНХ: НИЯЗ СӘДУАҚАСОВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ, ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Сарбаздарға моральдық-психологиялық қолдау ең алдымен олардың тамағынан, киімінен және командирлер мен жолдастарының қарым-қатынасынан басталады. Мұның бәрі сарбаздың моральдық күйіне әсер етеді. Әскери бөлімде сарбаздардың жайлы қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалған.

РКС: Қызмет ету барысында әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, облыс аумағындағы түзету мекемелерін күзетеді. Биыл олардың қызметінің арқасында 40-тан аса қылмыстық сипаттағы құқықбұзушылық пен шамамен 500 әкімшілік заңбұзушылықтың алдын алды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.