ДИКТОР: Ақмола облысы бойынша түрлі бағытта жұмыс істеп жатқан 90-ға тарта волонтерлік орталық бар. 3600-ден астам волонтер қоғам игілігі үшін қызмет етіп келеді. Аталған орталықтар жастардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, волонтерлерді нақты жобаларға тартуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырады.
РКС: Бүгінде Көкшетау қаласында мұқтаж жандарға жәрдем беретін волонтерлер саны жыл сайын толығып келеді. Мәселен, былтыр волонтерлердің бастамасымен облыс аумағында мұқтаж жандарға 21 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, табыс етілді. 1400-ге жуық отбасына азық-түлік жиынтығы және демеушілік көмек түрінде қолдау көрсетілді.
СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұдан тыс еліміздегі, қаламыздағы жалпы ауа райының қауіп қатерлері болады, мысалы жер сілкіністері болып қалса, басқа өңірлерде, өзіміздің ауданымызда су апаты сынды әртүрлі зіл-зала келген кезде өзіміздің волонтерлік көмегімізді көрсетеміз. Яғни, оның ішінде эвакуациялау жұмыстары, тегін түрде, ақысыз бұның бәрі өтеді.
РКС: «Феникс», «Мейірім» волонтерлік орталықтарымен қатар «Қызыл жарты ай» қоғамы облыстық филиалы да қоян-қолтық еңбек етуде. Бұл ұйым төтенше жағдайларда, техногендік сипттағы апаттар кезінде және басқа да гуманитарлық көмек қажет болғанда шұғыл жәрдем көрсетіп келеді. Мұнда волонтерлер бірқатар әлеуметтік жобаға қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуде.
СНХ: АСХАТ УӘЙІСОВ, «ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ» ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұдан бөлек, біз халықты алғашқы медициналық көмек көрсетудің әліппесіне үйретуді жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері облыстық қан орталығымен бірлесіп бірнеше ауқымды донорлық акциялар ұйымдастырдық. Аталған акцияға Қазақтелеком қызметкерлері белсенді қатысып, қан тапсырды.
РКС: Айта кетейік, республика бойынша салыстырар болсақ, Ақмола облысындағы волонтерлік қозғалыстар белсенді. Жалпы, есептік кезең бойынша волонтерлердің ұйымдастыруымен 1300-ге тарта іс-шара жүзеге асырылды. Аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 150-ге жуық волонтер жұмылдырылған. Сондай-ақ, қазір Ақмола облысында волонтерлік қызметті дамыту мен қолдаудың 2025-2026 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ