ДИКТОР: Бұдан соң облыс әкімі Марат Ахметжанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Аймақ басшысы облыс экономикасының өсу қарқыны, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы маңызды өзгерістер туралы баяндап, өңірдің өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Брифинг барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін атап өтті. Биыл аймақта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция тарту және құрылыс салаларында рекордтық өсім байқалуда. Мәселен, биыл 273 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жаңа 5 мектеп бой көтерді. Бұған қоса, жаңа заманауи спорттық нысандардың құрылысы жалғасуда. Инвестиция тарту бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басынан бері өңір экономикасына 301,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Ақмола облысы еліміздің агроөнеркәсіптік саласында стратегиялық тұрғыдан маңызды рөл атқарады. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ақмола облысы Астана мен өзге де өңірлердің негізгі азық-түлік белдеуі ретінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінгі таңда жалпы айтқан кезде көрсеткіштер бар, нәтиже бар. Біздің облысымыз осы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша көшбасшы деп айтуға болады. Өйткені бүкіл қойған талаптар, жүктемелер орындалып отыр. Тек қана қағаз түрінде емес, нақты нәтижелер бар. Ауыл шаруашылығы бойынша біз қазір үштіктеміз. Агропромның жүрегіміз. Қазіргі таңда ең үлкен егін алқабы ол біздің облысымызда. 5,5 млн егіміз бар. 25 пайыз ең сапалы, ең құнарлы астықты мемлекетке біз береміз.
РКС: Бұдан соң қоғамда резонанс тудырып отырған Көкшетаудағы балалар көркемсурет мектебінің сүрілу мәселесі көтерілді. Айта кетейік, бұл сұрақ қала тұрғындары арасында қызу пікірталас болған еді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов мектептің болашағы халықтың шешімі бойынша қабылданып, қоғамның пікірі мен қажеттілігіне сай шешілетінін жеткізді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Шешімнің екі жолы бар. Біріншісі, егер мектепті сүретін болсақ, бұрын бөлінген бюджетті сақтап қалу қажет. Екіншісі, мектеп директоры оны жаңғырту туралы ұсыныс білдірді. Мектептің жалпы аумағы 560 шаршы метр. Бірақ оның орнына 1000 шаршы метрлік, террассасы бар жаңа ғимарат ұсынылуда. Мен қала әкімі мен білім басқармасына қоғамдық тыңдауларды мүмкіндігінше тез арада өткізуді тапсырдым. Қоғамның шешімі бойынша соңғы шешім қабылданады.
РКС: Айта кетейік, облыс аумағында мектептерді жаңғырту мәселесіне қатысты мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес үш жылдық кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді. Бұл жоспар аясында білім беру мекемелерінің инфрақұрылымы мен жабдықтарын жаңарту мақсатында ауқымды күрделі жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін өңірде 90 мектеп жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ