ДИКТОР: Қазақстанда 1 -ші қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енді. Негізгі басымдық сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және рәсімдерді автоматтандыруға беріліп отыр. Десе де, ілгерілеушілікке қарамастан, өңірде бірқатар заң бұзушылық анықталды.

РКС: Облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуларға қатысты камералдық бақылау жүргізді. Тексеруге жататын 14 611 рәсімнің 14 340-ы қамтылды. Тексерілген сатып алулардың құны шамамен 250 миллиард теңге. Тексерістің қорытындысы бойынша тапсырыс берушілерге 1200-ден астам хабарлама жолданған. Анықталған заң бұзушылықтардың сомасы 20 миллиард теңгеден асады.

СНХ: ШАРАП СӘДУАҚАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ІШКІ АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік сатып алулар бойынша камералдық бақылау жүргізу шеңберінде департамент тарапынан мемлекеттік сатып алулар туралы бірқатар заң бұзушылық анықталды. Бурабай ауданының білім бөлімі тарапынан «Аудандағы мектептерді жылытуға арналған көмір сатып алу» бойынша ашық конкурс тәсілімен өткізілген сатып алу барысында техникалық ерекшелікте әлеуетті өнім берушілердің қатысуына шектеу қойып, кедергі келтіретін біліктілік талаптары белгіленген. Ұқсас заң бұзушылықтар көмір сатып алуға қатысты мемлекеттік сатып алуларда Буланды, Ерейментау және Біржан сал аудандарының, өзге де өңірлердің білім бөлімдері тарапынан да жіберілген.

РКС: Мамандардың айтуынша, тапсырыс берушілер бұрын анықталған ескертулерді елемей, конкурс құжаттамасын заң бұзушылықтармен қайта орналастыруда. Бұдан бөлек, бірқатар ауданда мемлекеттік сатып алуларды бірыңғай электрондық жүйеге тіркелмей, келісімшарттарды қағаз түрінде заңсыз жасау фактілері тіркелген. Айта кетейік, жыл басынан бері департамент тарапынан 47 аудиттік тексеру жүргізіліп, 10 миллиард теңгеден астам сомаға заң бұзушылықтар анықталған.

СНХ: ГҮЛШАТ ЖАПАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ІШКІ АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бірінші жартыжылдықта жүргізілген аудиттік іс-шаралардың қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарды жою жөнінде 38 нұсқама берілді. Оның 23-і толық көлемде орындалды. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін лауазымды 26 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша құны 24 миллион теңгеге 290 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 22 миллион теңге мемлекет бюджетіне өндіріп алынды.

РКС: Заң бұзушылықтардың басым бөлігі орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын негізсіз аудару, бухгалтерлік есепті жүргізудегі қателіктер, сондай-ақ жалақыны, іссапар шығындарын, сыйақыларды және әлеуметтік жәрдемақыларды заңсыз төлеуге қатысты. Бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту мақсатында өткен жылдың қазанынан бастап «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі кеңейтілді. Осы жүйе аясында жыл басынан бері жалақы төлемдеріне мониторинг жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша 284 хабарлама жолданды. Анықталған тәуекелді төлемдердің құны шамамен 1,8 миллиард теңге.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ