ДИКТОР: Биыл «Көкше-Іздеу» патриоттық іздестіру жасағы Волгоград қаласына экспедиция ұйымдастырды. Оның барысында екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тиесілі заттармен қатар, ауыр шайқастарда қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегі де табылды. Іздеу жұмыстары туралы тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.

РКС: 1941 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысының аумағында 29-шы атқыштар дивизиясы жасақталды. 1942 жылдың қыркүйегінен бастап аталған дивизия жаудың 6-шы құрлықтық тобын жоюға қатысқан. Қысқы шабуыл кезінде 5 мыңнан астам жаудың сарбазы мен офицері жойылып, 13 мыңнан астамы тұтқынға алынған. Іздеу жасағының жұмысы осы атқыштар дивизиясы қатысқан шайқастар өткен жерлерде жүргізілді.

СНХ: ҚОБЫЛАНДЫ БАЙТІЛЕУОВ, «КӨКШЕ-ІЗДЕУ» ПАТРИОТТЫҚ ІЗДЕСТІРУ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: Биыл біз Привольный ауылының маңында жұмыс істедік. Бұл – «Горячий снег» кітабында сипатталған оқиғалар орын алған жер. Дәл осы жерде аталған кітаптың желісі бойынша фильм де түсірілген. Сол шайқастар өткен орында іздеу жұмыстары барысында 1942 жылы мина жарылысынан жарақат алып, снарядтың ойығына жерленген жауынгердің сүйегін таптық.

РКС: Өкінішке қарай, қаза тапқан жауынгердің жеке басын анықтау мүмкін болмады. Белгілісі – оның есімі Илья, комсомол билетін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында алған. Енді оның сүйегі Волгоград қаласына жақын маңдағы бауырластар зиратына жерленеді. Ресейлік тараппен бірлескен іздестіру жұмыстары Волгоград облысының Привольный ауылында және Котельниково қаласында жүргізілді. Ол жерден көптеген граната, танкке қарсы снарядтардың жарықшақтары, 14,5 миллиметрлік танкке қарсы мылтықтардың гильзалары, сондай-ақ дулығалар табылды.

СНХ: ҚОБЫЛАНДЫ БАЙТІЛЕУОВ, «КӨКШЕ-ІЗДЕУ» ПАТРИОТТЫҚ ІЗДЕСТІРУ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: Тек осы бір дулығаның өзінен-ақ шайқастың қаншалықты сұрапыл, шиеленісті өткенін байқауға болады. Оқтың іздері, жарықшақтан қалған тесіктер де бар. Дулығаның өзі жарылған. Бұл – осы дулығаны киген жауынгердің қандай сұрапыл кезеңді басынан өткергенін айғақтайды. Артиллериялық снаряд жарылғаннан кейін тірі қалу мүмкін бе? Біздің майдангерлер оқ пен оттың ортасында жүріп Отанын қорғады. Жүктелген міндетті орындады. Олардың ерлігін ұмытпай, қашан да есте сақтауымыз қажет.

РКС: Бүгінгі ұрпақтың міндеті – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, із-түзсіз кеткен жауынгерлердің сүйектерін іздеп табу. Бұл үдеден шығып келеміз,– дейді іздеушілер.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.