ДИКТОР: Қазақстанда ұлттық әдебиетті насихаттау мақсатында басталған 100 үздік кітапты анықтауға арналған жалпыхалықтық сауалнама мерзімі ұзартылды. Айта кетейік, бұған дейін дауыс беру шілденің 23-іне дейін өткізіледі деп жоспарланған еді. Бірақ, ұйымдастырушылар бұл сауалнаманың Абай күніне дейін жалғасатынын хабарлап отыр. Яғни, қазақстандықтар өздері ұнататын туындыларға 10 -шы тамызға дейін дауыс бере алады.

РКС: Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен белгіленген Ұлттық кітап күні бастау алған. 23 сәуірде елордада өткен Ұлттық кітап күнін мерекелеу аясында қазақ әдебиетіндегі 100 танымал кітапты іріктеуге арналған сауалнама алғаш рет көпшілікке жол тартты.

СНХ: ДИНАРА ДҮЙСЕН, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Елімізде ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық әдебиетімізді насихаттау мақсатында "100 кітап" сауалнамасы жүріп жатыр. Ұлттық құрылтай кезінде бастау алған бұл игілікті іс 3 ай бойы жалғасып жатыр. Оған «Аманат» партиясы Ақмола филиалының активі, партия мүшелері, депутаттар атсалысып, өз дауыстарын беріп жатыр. Дәл қазіргі уақытта 3600 дауыс жиналды. Ұлттық әдебиетімізді бірге қолдайық! Оқырман қауымды осы сауалнамаға қатысуға шақырамын.

РКС: Сауалнамаға қатысу үшін әрбір ниет білдірген азамат eGov.kz электронды үкімет порталы немесе eGov мобайл қосымшасы арқылы Қазақстан жазушыларының өзі ұнататын шығармаларына дауыс бере алады. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде арнайы QR-код көрсетілген баннерлер орнатылған. Сол арқылы сауалнама бетіне өтуге болады.

БЛИЦ: Қазір өтіп жатқан "100 үздік кітап" сауалнамасы туралы естуіңіз барма?

БАҚЫТГҮЛ ҒАБИТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Иә, естідім, өзім дауыс бердім. Махаббат қызық мол жылдар, Боздақтар, Абай Құнанбайұлының қаншама шығармаларына дауыс бердім. Қазір жастар кітап көп оқымайды. Сол себепті әдеби шығармашылық кештерді көп өткізіп, қазақша кітаптарды көп шығарса деп ойлаймын.

БОЛАТ ТӘШЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Иә әрине естуім бар, дауыс бердім

МАҚПАЛ НҰРЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Иә естуім бар, өзім әлі дауыс берген жоқпын, бірақ көрдім.

-Онда егов мобайл қосымшасы арқылы сізбен бірге дауыс берсек қарсы емессіз бе?

-қарсы емеспін.

-Егов мобайл қосымшасын ашыңыз, басты бетте, таңдаулы 100 кітапті бірге таңдайық деген батырманы басып, осы жерде міне кітаптың атауы мен авторы шықты, өзіңіз қалаған 3 туындыны еңгізіңіз. Өзіңіздің жеке пікіріңіз бойынша қай кітапты қайта жаңғыртуға таңдар едіңіз?

- "Болмаған балалық шақ" Ақберен Елгезектің, Одан кейін "Абай жолы" Мұхтар Әуезовтың.

-Қосымша кітаптарды енгізу үшін "+" батырмасын басып қоссаңыз болады. Дайын. Сіздің дауысыңыз қабылданды. Рахмет.

РКС: Еліміз бойынша дауыс беру жалғасып жатыр. Ақмола облысында дауыс беру белсенділігі әлі де болса бәсеңдеу. 5,04 процент. Өңірде бүгінге дейін 3 600 азамат өз таңдауын жасаған. Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысына тиесілі. Мұнда қатысушылар үлесі 9,95 процентке жеткен. Айта кетейік, жалпыұлттық сауалнама әлі де жалғасуда. Азаматтар алдағы 10 күн ішінде өздеріне ұнаған шығармаларға дауыс беріп, оларды 100 үздік кітап тізіміне енгізуге үлес қоса алады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ