ДИКТОР: Патрульдік полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – жол қозғалысын, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тәртіп сақшыларының қызметімен тілшіміз Евгений Варанкин танысып қайтты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Күн сайын қала көшелеріне 100-ге жуық тәртіп сақшысы шығады, олардың қатарында жаяу және автопатрульдері бар. Күшейтілген патрульдеу, көшелерде кезекшілік атқаратын қызметкерлер санының артуы мен инновациялық тәсілдің арқасында құқық бұзушылықтар мен көше қылмыстарының саны азайып келеді. Құқық қорғау органдарында адамдардың өмірін құтқару үшін жиі батыл әрекет ететін қызметкерлер аз емес. Олардың бірі кезінде өрттен 10 адамды құтқарып қалған Асхат Еркашев.

СНХ: АСХАТ ЕРКАШЕВ, КӨКШЕТАУ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯСЫ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ: Жұмысымыз таңғы жетіден басталады. Сағат 7:30-да сап түзеу өтеді, содан кейін қала көшелерін аралауға шығамыз. Маршрут бойынша өзімізге бекітілген аумақты тексереміз. Көше-жол желісіндегі кемшіліктерді де, құқық бұзушылықтарды да анықтаймыз. Жедел басқару орталығы құқық бұзушылықтар туралы хабарласса, көліктерді тоқтатамыз. Өрескел бұзушылық болса – әкімшілік хаттама толтырамыз. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылық – қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі 591-ші бабының 1-ші бөлігіне жатады.

РКС: Жақында полиция департаменті дронмен жабдықталды. Енді құқық қорғау қызметкерлері қаланың жағдайын әуеден бақылап, кез келген оқиғаға дер кезінде әрекет ете алады. Бұл олардың жұмысының тиімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

СНХ: АЗАМАТ ҚАБИЕВ, КӨКШЕТАУ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯСЫ БАТАЛЬОНЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Күн сайын Көкшетау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шамамен 20 автопатруль қызметке шығады. Әрбір экипаж 2 қызметкерден тұрады. Сонымен қатар, 6 модульдік бекет және 5 жаяу патрульдік наряд қызмет атқарады. Негізгі міндетіміз қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызмет тәулік бойы, кез келген ауа райында атқарылады. Басты мақсатымыз – қала тұрғындары мен қонақтарының өзін қауіпсіз сезінуі.

РКС: 2007 жылы тәртіп сақшылары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Жедел басқару орталығы іске қосылды. Орталық қызметкерлері құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, патрульдік полиция қызметкерлеріне дереу хабар береді. Ал патрульдік қызметкерлер берілген ақпарат негізінде құқық бұзушылықтың алдын алуға шұғыл әрекет етеді. Айта кетейік, тәртіп сақшылары күн сайын 8-10 құқық бұзушылықты анықтайды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.