ДИКТОР: Сал-сері — қазақтың сән-салтанаты, рух пен өнердің ұлы үйлесімі. Көшпелі жұрттың көкірек көгіне күй қондырып, әнмен тербеткен серілер дәстүрі бүгінде қайта жаңғырып келеді. Бірақ бұл жол — жеңіл жол емес.Сал серілер тобында құс салып,жүйрік баптап, тазы қосып,бүркіт салып жүрген серілер тобы мүшелерінің белсенділігі жоғары. Дәл осындай ұлт құндылығын дәріптеп жүрген жандар Аршалы ауданы Сарыоба ауылында бас қосты. Тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды

РКС: Арқаның ақ шаңдағында ізі қалған Ақан мен Біржандардың өнегесін жалғаған бүгінгі дарын иелері өнердің туын тігіп, шетел асып, ұлттың үнін әлемге жеткізіп жүр. Олар — сахнаның сахарадай кең тынысын сезінген, рухани мұраның шын жанашырлары. Сонау хандық дәуірден бастау алған серілік өнер — тек найза мен қылыш ұстаған батырлық қана емес, сөзге тоқтайтын, елдің мұңын жырға қосқан ақындықтың, әуелеген әннің, күй мен жырдың өрелі мектебі еді. Осы серілер жолын жалғастырып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген бүгінгі күннің бір тарланы —Аян Кемалов.

СНХ:АЯН КЕМАЛОВ, САЛ-СЕРІЛІК ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕУШІ: Сал-серілік осы жобаны бастағанымызға мінекей 4-жылдай уақыт болды.24 жылы өздеріңіз білесіздер Ақмола облысында ең үздік креативті жобаны жеңіп алды осы жоба. Жалпы бұл жоба 2022 жылы басталды. Мақсатымыз-осы қасымызда жатқан жас ұрпаққа қазақтың төл өнері дәстүрлі өнерімізді дәріптейік. Қазіргі жас ұрпақ эстрадаға, фонограмаға көңіл бөліп кетті де, өзіміздің төл өнеріміз көлеңкесінде өкінішке орай қалып қойып жатты. Сосын соны насихаттайықшы, әкелеріміз осы қара домбыраны үйретті ғой неге үйретті бізге. Келер ұрпаққа жеткізсін деп үйретті.

СНХ:БАҚДӘУЛЕТ ҚАБДЫРАХМАН, БҮРКІТШІ (АБАЙ ОБЛЫСЫНАН): Көзімді ашқалы әкем өзі тазы ұстаған. Атқа шауып тазы жүгірттік. Ең алғаш «Ұшар» деген тазым болған. Сол күшік кезінде маған сыйлыққа берген еді.Соны күшік кезінен өсіріп, сатшылық жасап. Ең алғаш есімде, біздің жақ таулы келеді ғой. Ағам екеуіміз қоян алғанбыз. Мына Сәрсен деген бала қазір тазы ұстап жүр. Ұлттық құндылығымызды дамытсақ деген жолда қазір жұмыс істеп жатырмыз.

РКС: Жүрекпен жырлап, жүрекке жеткізу — осы өнердің табиғаты. Бүгінгі таңда ол тек сахна төрінде ғана емес, шәкірт тәрбиелеу ісінде де белсенді. Жас ұрпаққа баба мұрасын аманаттау — серінің асыл борышы. Оның шығармашылығынан серілер мектебінің рухы сезіледі: батылдық, әділдік, тектілік пен тазалық. Олар рухына адал. Себебі олар үшін өнер — табыс емес, аманат. Ұлттық мұраны жалғастыру — парыз.

СНХ:НҰРДӘУЛЕТ МЫРЗАХАНОВ, БҮРКІТШІ: Жалпы ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген жайымыз бар. Ат баптаймыз, көкпар ойнаймыз. Тазы ит жүгіртеміз.Қыран бүркіт ұстаймыз жеті қазынамыздың бірі. Бүркітті ұстап жүргеніме 3 жылдай болды. Мынау менің екінші бүркітім. Қазір екі жасар, тірнек деп талады. Бұл жалпы жыртқыш құс болғандықтан өте қауіпті. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер, құсбегілік деген.

РКС: Қазақтың серілік дәстүрі — бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақтың әні мен күйі, сөз бен сазға деген іңкәрлігі — ұлттың мәңгілік діңгегі.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ