ДИКТОР: Облыста реновация бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Кең көлемді жоба өткен жылдың қарашасында басталған еді. Нәтижесі көз қуантарлық. Аталған бағдарлама бойынша қолға алынған алғашқы тұрғын үйдің құрылысы Көкшетауда жақын күндері аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру қарқыны бойынша Ақмола облысы елімізде көш бастап тұр. .
РКС: Реновация - бұл құрылыстан бөлек, әлеуметтік жобаға жатады. Ол бұрын апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірегей жоба.
СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көкшетауда реновация бағдарламасы аясындағы алғашқы жоба Уәлиханов, Быковский, Саин және Тілендиев көшелерінің қиылыстарында жүзеге асырылуда. 3-ші тамызға дейін барлық құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Реновация бағдарламасы аясында және инвестор есебінен бұл жерде спорт алаңы мен саябақ салынады. Бұл сол ауданды абаттандыру мақсатында және қоныстанатын адамдар үшін жасалып отыр.
РКС: Реновация бағдарламасы алғаш іске қосылған кезде, тұрғындар арасында сенімнен гөрі күдіктің болғаны жасырын емес. Көпшілігі күмәнмен қарап, алдағы өзгерістерге алаңдаушылық білдірді. Кейбір азаматтар құрылыс аяқталмай қалуы мүмкін десе, енді бірі дәл сол жерден жаңа баспана алатынына сенген жоқ. Уақыт өте келе, зәулім жаңа үйлер бой көтере бастағанда халықтың сенімі артып, бағдарламаның тиімділігіне көздері жетті - дейді мамандар.
СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мәселен, Уәлиханов пен Быковский көшелерінің қиылысында орналасқан үй небәрі 8 айдың ішінде салынды. Осындай қысқа мерзімде екі 9 қабатты, жалпы 7 подъезді үй тұрғызылды. Ең бастысы – құрылыстың сапасы. Бұл туралы сала сарапшылары да, құрылыс барысын өз көздерімен көріп жүрген тұрғындар да атап өтуде. Біздің және тиісті басқарма тарапынан да құрылыс жұмыстарына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.
РКС: Ақмола облысы реновация қарқыны бойынша жүйелі тәсілдің арқасында елімізде көш бастап тұр. Қазір өңірге тәжірибе алмасу мақсатында басқа қалалар мен облыстардан өкілдер келіп, бәрін жақ-жақты саралауда. 2030 жылға дейін жүздеген апатты үй сүріліп, тұрғындар заманауи және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ