ДИКТОР: Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Елімізде кәсіпкерлердің жауапкершілігі күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сауда және интеграция министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске түзетулер енгізді.

РКС: Кодекстің 204-ші бабына енгізілген өзгеріс ең көп резонанс тудырған жаңалықтардың бірі. Егер бұрын кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар өнімдерге шекті рұқсат етілген сауда үстемесін асырғаны үшін тек ескерту жасаумен ғана шектеліп келген еді. Енді осы жылдың наурыз айынан бастап ішкі сауда нысандары айыппұл төлеуге міндетті.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мәселен, осы құқық бұзушылық үшін жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ол 19 660 теңге шамасында. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне-35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, бұл – 137 620 теңге. Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-150 айлық есептік көрсеткіш немесе 589 800 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған

РКС: Бұдан бөлек, 190-шы бапқа енгізілген өзгерістерге сәйкес сатушылар да жауапкершілікке тартылады. Енді олар өздерінің байланыс деректері туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде жариялауы тиіс. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органды және тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілерін атап өтуге міндетті. Осы талаптарды орындамағаны үшін ерекше жаза қарастырылған.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сондай-ақ, ақпаратқа сәйкес, олардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін оларға жүгіну құқығы бар. Бұдан әрі Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында белгіленген мерзімде тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою туралы шағымға жазбаша жауап бермегені үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында белгіленген мерзімде тиісті және тиісті емес сападағы тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етпегені үшін кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылады.

РКС: Мамандардың айтуынша, 14 күн ішінде сатушылар бірқатар шарттарға сәйкес келетін тауарларды қайтаруды қабылдауға міндетті. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы кәсіпкерлерді жаңа талаптармен танысуға және заңнаманы мүлтіксіз сақтауға шақырады. Бұл айыппұлдарды болдырмауға ғана емес, сонымен қатар клиенттердің сенімін арттыруға көмектеседі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ