ДИКТОР: Көкшетауда бірінші дүниежүзілік инклюзивті білім конгрессінің аймақтық кезеңі өтті. Әлемдік жетекші сарапшылар, ата-аналар, ұстаздар, мамандармен тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен 320 қатысушы жиналды.
РКС: Бүгінде Қазақстанда 230 мыңнан аса ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Ерекше балалармен тиімді жұмыс істеу және олардың күнделікті өмірде де, білім беру ортасында да қиындықтарды жеңуге көмектесу үшін инклюзивті білім беру бойынша бірінші дүниежүзілік конгресін өткізу ұсынылды.
СНХ: ЕРМЕК МӘЖИТОВ, ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕССТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Конгресс әлемнің түкпір-түкпірінен үздік сарапшыларды жинайтын және жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өтетін алаңға айналады. Қазақстан бұл бастаманы алғаш көтерген ел ретінде тарихта қалады. Дэниел Собель - әлемдегі ең үздік сарапшылардың бірі, ол Қазақстанда бұрын да болған. Ұстаздарымыздың жаңа білімге ұмтылып, жаңа білім алуға деген көзқарасын көрген ол Қазақстан инклюзивті білім беру саласындағы осынау ауқымды жұмыстарды жүзеге асыра алатын тұғырнамаға айналып, тартымды орталыққа айнала алатынын көрді.
РКС: Өңірлік кезеңге Көкшетауға халықаралық форумының негізін қалаушы және бас директоры Дэниел Собель келді. Жаһандық сарапшы көптеген жылдар бойы 138 елде инклюзивті білім беру идеяларын насихаттап келеді. G20, ЮНЕСКО, сондай-ақ аймақтық және үкіметтер деңгейінде ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ол 100-ден аса мақаланың және үш бестселлер кітаптың авторы және инклюзив саласындағы тәжірибесімен кеңінен танымал. Ол өзінің құнды тәжірибесімен бөлісті.
СНХ: ДЭНИЕЛЬ СОБЕЛЬ, INTERNATIONAL FORUM OF INCLUSION PRACTITIONERS БАС ДИРЕКТОРЫ: Инклюзивті білім берудің, когнитивті оқытудың көптеген аспектілері бар. Біз аутизм мен дислексия, әлеуметтік, психикалық, психологиялық денсаулық, депрессия және мазасыздық сияқты әртүрлі аспектілер туралы сөйлесетін боламыз. Үйде ұзақ уақыт болатын балалар, олар қалай білім ала алады? Біз өзімізге қарапайым болып көрінетін нәрселерге тоқталамыз, бірақ жақсы нәтижесеге жету үшін уақыт қажет болды.
РКС: Өңірдің ата-аналары мен педагогтары балаларын оқыту мен тәрбиелеуде жаңа әдістемелер мен тәсілдерді меңгеруге келді. Сондай-ақ халықаралық сарапшылармен тікелей диалогқа қатысты. Мамандар "Педагог, ата-ана және бала" өзара іс-қимылы балалармен жұмыс сапасына әсер ететінін атап өтті.
СНХ: РАУШАН ТҰРАНОВА - "QOLQANAT" ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгін инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу бағыты бойынша куратор ретінде, инклюзивті білім беру жөніндегі дүниежүзілік Конгресстің өңірлік бірінші кезеңінің осы іс-шарасына жәрдемдесемін. Көкшетау қаласы, облысымыз алғашқылардың қатарында өз үлесін қосып жатқанына өте қуаныштымын. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен мұғалімдер алаңын құруға мүмкіндік туды. Біздің ата-аналар жұртшылығы белсенді қатысып, тіркеліп, алдын-ала хабардар болғанын атап өткім келеді.
РЗК: Сондай-ақ, 30 жылдан астам тәжірибесі бар логопед, әдістемелік ұсыныстардың, мақалалардың, құралдардың авторы Ольга Ким Көкшетауға келіп, шеберлік сабағын өткізді. Айта кетейік, 15-18 қазан аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру бойынша бірінші дүниежүзілік конгресс өтеді. Ол инклюзияның, тәжірибе алмасудың және озық педагогикалық тәжірибелерді енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған ірі халықаралық алаңға айналады. Конгреске әлемнің жетекші сарапшылары, білім беру мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері келеді деп жоспарлануда.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.