ДИКТОР: Ақмола облысы әкімдігінің шақыруымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан кәсіпкерлер делегациясы келді. Сапардың басты мақсаты – екі ел арасында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту.Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов делегация өкілдерімен өнеркәсіп, электронды коммерция және логистика саласындағы бірқатар жобаны талқылады. Айта кетейік, Чжэцзян – Қытайдың маңызды провинцияларының бірі. Бұл өңірде шетелге инвестиция салатын ірі жеке компаниялар ең көп шоғырланған. Қытайлық тарап Транскаспий дәлізінің Орта коридоры аясында өңірдің инфрақұрылымын пайдалануға қызығушылық танытты. Кездесу барысында республикалық маңызы бар “Aqmola” индустриялық аймағына ерекше назар аударылып, делегация бұл аумақты жоғары бағалады. Сондықтан, өндіріс орындарын орналастыру үшін әлеуетті нысан ретінде қарастыруда. Әкімдік шетелдік компаниялар үшін Қазақстанда қарастырылған инвестициялық преференциялар мен жағдайлар туралы ақпарат беріп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы орта қалыптастыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар бауырлас өңірлер форматында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға ниетті екендерін білдірді.