ДИКТОР: Сәуірдің 10-ында басталған «Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы мамырдың 6-на дейін жалғасады. Акция басталғалы облыста бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 43 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында қандай құқық бұзушылықтың жолын кесті? Бейнематериалға назар аударайық.
РКС: Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы аптасында полицияға 330-дан астам жасөспірім жеткізілді. Оның 315-і түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде және ойын-сауық орындарында жүрген. 31 жасөспірім ұсақ бұзақылық жасаса, алкогольдік ішімдік ішкені үшін 21 жасөспірім ұсталды.
СНХ: АСЛАН ҚЫЗБИКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 3 жасөспірім тыныштық бұзған. Қоғамдық орындарда өзгелерге тиіскен 2 жасөспірім, енді біреуі қатарластарына әлімжеттік көрсеткен. Кәмелетке жасы толмаған 5 жасөспірім тыйым салынған заттарды, оның ішінде өткір қадалғыш заттарды заңсыз сақтап, өзімен бірге алып жүргені үшін ұсталды. Ювеналды полиция инспекторлары өзге жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге итермелеп жүрген тағы 12 оқушыны анықтады. Яғни, олар «бейресми көшбасшылар». Бұл жасөспірімдерге қатысты материал жедел бөлімшелерге жіберілді. Енді олармен қосымша профилактикалық әңгімелесулер жүргізіліп, нақты шара қолданылады.
РКС: Қазір облыста 800-ден астам тұрмысы нашар ата-ана мен 400-ден астам жасөспірім полиция есебінде тұр. Жедел профилактикалық шара басталған бір аптада бұл көрсеткіш біршама өскен.
СНХ: АСЛАН ҚЫЗБИКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қосымша 30 тұрмысы нашар отбасы бар. Онда кәмелетке жасы толмаған 41 бала тәрбиеленуде. 3 жасөспірімнің түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болғаны анықталды. Темекі сатудың 7 фактісі тоқтатылды. Бұл бізде бар мәселе. Осыған орай бірқатар іс-шара өткізілді. Сондай-ақ алкогольді ішімдіктерді заңсыз сатудың 4 дерегі анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 200-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, лицензиядан айырылады.
РКС: Сондай-ақ облыс мектептерінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң бұзушылықтарды жоюға қатысты 114 ұйғарым шығарылды. Бұдан бөлек, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті мазмұндағы 116 интернет-ресурс анықталды.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ