ДИКТОР: Сингапур политехникалық институтының аудиторлары «Индустрия 4.0» Халықаралық аккредитациясын өткізу үшін Көкшетау жоғары техникалық колледжіне келді. Аталған бағдарлама оқу орнының жоғары технологиялық өндіріс үшін маман даярлауда әлемдік деңгейдегі салалық стандарттарға сай екенін растауға бағытталған.

РКС: Сингапурлық делегация алдымен оқу-өндірістік шеберханалар мен құзыреттілік орталықтарының инфрақұрылымымен танысты. Акредиттеу барысында колледждің материалдық-техникалық базасын тексерді.

СНХ: ТЕО СЕРХУН, СИНГАПУР ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ ИНЖЕНЕРЛІК КЛАСТЕРІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Неліктен осы оқу орны таңдалды деген сұрақ туындауы мүмкін. Былтыр бұл оқу орнының басшылығы Сингапурға келген еді. Сол кезде көзбе-көз жүздесіп, мақсат-міндеттеріміздің ортақ екенін түсіндік.

РКС: Колледж 4 мамандық пен 5 біліктілік бойынша аккредитациядан өтіп жатыр. Бір ай ішінде есеп дайындалады. Жобаны іске асыру және аккредиттеу бойынша практикалық ұсыныстар мен зерттеу қорытындылары жарияланады. Ол жерде бағдарламаны жүзеге асыру, оны табысты енгізуге қатысты нақты қадамдар мен жақсартуға қажетті негізгі аспектілері туралы ақпарат беріледі.

СНХ: НАРТАЙ ЫБЫРАЕВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Олар бізге түзетулер мен ұсыныстарын енгізеді. Сәйкесінше, біз білім беру бағдарламаларын өзгертіп, құзыреттілік орталығын қосымша жабдықтармен жарақтандыру үшін оның маңызы зор. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға қатысты бағдарлама бар. Онда Қазақстан бойынша колледждердің халықаралық аккредитациядан өтуі туралы айтылған. Сондықтан біз облыс бойынша бірінші болып салалық аккредитациядан өтуді мақсат еттік.

РКС: Аккредитациядан соң колледжге тиісті сертификат беріледі. Соның нәтижесінде түлектер тек еліміз бойынша ғана емес, шетелдік кәсіпорындарда да жұмыс істей алады. Сондай-ақ, бұл аккредитация колледжге зор мүмкіндіктерге жол ашпақшы. Оқу орны алдағы уақытта өндірістерде еңбек ететін қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарын да өткізе алады.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.