ДИКТОР: Бүгін Қазақстанда өртке қарсы қызмет күні. Көкшетаудағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдайларға жедел ден қоя отырып, күн сайын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
РКС: Күн сайын, әр түнде еліміздің әр түкпірінде дабыл қоңырауы естіледі. Қиындыққа тап болған қарапайым халықтың жан айқайына алғашқы болып жететін өрт сөндірушілер. Бүгінгінің нағыз батырлары да дәл солар.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Көкшетаудағы №2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімшесінде 100-ден астам кәсіби маман қызмет етеді, олардың әрқайсысын батыр деп атауға болады. Күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамастан тынымсыз еңбек етеді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АБЗАЛ ШАЙЖАНОВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Күн сайын түрлі шақыртулармен жолға шығамыз. Бір жерде автокөлік өртенуі мүмкін. Кей кездері көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатына арнайы өрт сөндіру техникасы қажет болып жатады. Биік ғимараттарда өрт орын алады. Осындай сәттерде көрші өрт сөндіру бөлімшелері бізге көмекке келеді. Қызметтің өзіндік қиындықтары бар. Бірақ оның бәрін біздің жігіттер еңсереді.
РКС: Өртке қарсы қызмет – техника мен бірізге қойылған іс-қимыл ғана емес, оның артында адамның тағдыры тұр. Әр өрт сөндірушінің өзінің батылдық тарихы, таңдауы мен табандылығы әрқилы. Олардың бәрі тілсіз жаумен күреседі. Қорғансызға қорған болуға дайын.
СНХ: РАУАН САҒИТ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ: Алғашқы өрт сөндіруге шыққан кезім әлі есімде. Екінші Көкшетауда гараж өртенді. Әрине қорқыныш болды. Қызыл жалынды уақытылы ауыздықтадық. Екі газ баллонын сыртқа алып шығып үлгердік. Ол кезде ештеңе ойлауға мұрша болмайды. Бастысы өртті сөндіру.
СНХ: РАДЖАН ШУЛАКОВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ: 2016-шы жылдың қыркүйегінен бері азаматтық қорғау органында еңбек етіп келемін. Қызметім еленіп, бірнеше рет ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталдым. Тікелей ведомствоның екі медалінің иегерімін. Ең алғашқысын 2022 жылы Қостанайдағы өртті сөндіруге қатысқаным үшін алдым. Екіншісін Түркияда орын алған апатты жоюға қатысқаным үшін кеудеме тақты. Адамдарға көмектескен ұнайды, сондықтан осы мамандықты таңдадым. Қай жағынан алып қарасаңыз да оңай емес. Бірақ, біреудің өмірін құтқарып қалған кезде, оның бәрі ұмытылады.
РКС: Құтқарушылар – адамдар мен оттың арасындағы қалқан. Олардың жұмысы кей кездері көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ, құтқарушылардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі күннің батырлары арамызда жүр. Соны естен шығармасақ болғаны.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ