ДИКТОР: Ақмола облысындағы қазақ тілі оқытушыларының Тіл форумы өтті. Аталған шарада білім беру бағдарламасындағы өзекті мәселелер талқыланды. Форумға еліміздің өзге де өңірлерінен тіл мамандары мен тіл жанашырлары қатысты. Тілшіміз Сәния Есімсейітова жалғастырады.

РКС: Форумға Астана және Алматы қалаларынан тіл саласының жетекші мамандары арнайы шақырылған. Жарссөзде олар қазіргі мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі оқулықтарындағы кемшіліктерді атап өтті. Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы: "мектеп оқулықтарындағы қате терминдер мен мәтіннің дұрыс емес құрылымы баланың сапасыз білім алуына әкеліп соқтырады"- дейді.

СНХ: ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ: Тым күрделі спецификалық мәтіндер өте көп беріледі. Зорлық-зомбылықты қамтитын мәтіндер, күнде теледидардан түспейтін мәселелерді, мәтін ішінде байқаймыз. Мейірімділікті, адалдықты, мейірбандықты баланың жадына сіңіруден гөрі кейде осындай мәтіндерде кездесуі бала тәрбиесіне үлкен зиянын тигізеді. Саяси немесе діни бағыттағы мәселелер де көтерілуі оқулықта дұрыс емес.

РКС: "Мұғалімнің инновациялық әрекеті - тікелей оқушыға байланысты",- дейді мамандар. Форумға жиналған тіл мамандары мен ұстаздар қауымының мақсаты бір. Олар аталған жиында қазақ тілін оқыту сапасын арттырудың жолдарын қарастырды.

СНХ: ЖАРҚЫНБИКЕ СҮЛЕЙМЕНОВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Біз міндетті түрде 12 жылдық білім беруге көшеміз. Жаппай көшетін боламыз. Бұл әлемдік білім беру жүйесінде кең тараған және тиімді екені дәлелденген оқу жүйесі. Екіншіден, "Жайлы мектеп " ұлттық жобасын жүзеге асыру. Өздеріңіз білесіздер, қазір жайлы мектеп мәселесі басталды. Яғни, 200-ден астам жайлы мектеп салына бастады. Бұлардың көпшілігі ауылды жерде салынатын болады. Салынып та жатыр. Бұның ең басты мақсаты: алдыңғы қатарлы қаладағы мектептер мен ауыл арасындағы айырмашылықты жою. Яғни білім сапасына көшу. Үшінші, негізгі білім берудегі ең негізгі стратегия бұл құзіреттілік стратегиясы. Бұрынғы білім, іскерлік, дағды. Қазір оған құзіреттілікті қостық. Себебі, оқушы білім алады, іскерлік қалыптасады, дағды қалыптасады.

РКС: Форумды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған. Айта кетейік, тіл форумы былтыр Көкшетау қаласында алғаш рет өткізілген еді. Биыл екінші мәрте өткізілген форумға келген қатысушылар мұндай жиынның тіл жанашырлары үшін бірегей диалогтық алаң екенін айтты.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ