ДИКТОР: Биыл еліміз бойынша 125 вокзалға күрделі жөндеу жүргізіледі. Жұмыстар бір мезгілде басталып, бір жылда аяқталады деп жоспарланған. Ақмола облысы бойынша бұл тізімге 16 вокзал енді. Оның ішінде Бурабай темір жол вокзалы бар. Өңірге жұмыс сапарымен келген Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров аталған вокзалдың жұмысымен танысты.
STAND-UP: БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Күніне 1500 жуық жолаушыға қызмет көрсететін Бурабай темір жол бекеті күрделі жөндеуден кейін жаңа кейіпке енеді деп күтіледі. 1988 жылдан бері екі рет күрделі жөндеу жүргізілгенімен, инженерлік желілер жаңартылмаған. Биыл соған мән беріледі. Сонымен қатар шатыры ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сыртқы қас беті де жаңартылады.
РКС: Темір жол вокзалын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту – Щучье-Бурабай курортты аймағының инфрақұрылымын дамытудың бір бағыты. Бұл туристер ағынының артуына өз септігін тигізбек.
СНХ: МАҚСАТ ҚАЛИАҚПАРОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 22 миллион адам темір жолмен жүреді. Осы вокзалдарды реттегеннен кейін жолаушылар саны көбейеді деп ойлап отырмыз. Жылдан жылға жолаушылар тасымалы шамамен 5 пайызға өсіп жатыр. Вокзалдарды модернизациядан өткізгеннен кейін ол көбейеді деп ойлаймыз.
РКС: Ақмола облысы бойынша биыл жылдың аяғына дейін 16 вокзал жөндеуден өтпек. Барлығы бір мезгілде басталып, жылдың соңына дейін аяқталмақ. Бүгінде мердігер компания Бурабай темір жол вокзалын жөндеуді бастап кетті.
СНХ: БОЛАТ ӘБДІРӘШИТОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Қазақстан темір жолымен бірлесіп жасаған жобада ең бастысы жолаушылар ағынына кедергі келтірмеуді ойластырдық. Біз қайта жөндеу барысында вокзалдың тек сыртын ғана әдемілеп қоймаймыз, инженерлік желілерді, электр, жылу, су және кәріз жүйесін түгел жаңартамыз. Жерге отырған перрондарға дейін көтеріп, талапқа сәйкестендіреміз. Вокзал маңайын абаттандыру да жүзеге асырамыз.
РКС: Жөндеу жұмыстары аяқталған соң вокзалдың өткізу қабілеті артып, заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйелер мен арнайы сервистер пайда болады деп күтіледі. Одан қалды биыл жолаушыларды тасымалдайтын вагондарды да жаңарту жоспарланып отыр. Бурабай курортты аймағына қатынайтын поездар жаңадан 20 вагонмен қамтылады.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ