ДИКТОР: Өңір диқаншылары көктемгі егіс науқанына қызу дайындық үстінде. «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында маусымдық жұмыстарды қаржыландыруға Ақмола облысына шамамен 140 млрд.теңге бөлу көзделіп отыр.

РКС: Облыс бойынша 5 миллион 400 мың гектар алқапқа дән сіңіру жоспарлануда. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру биыл ерте басталды. Жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері жылдық мөлшерлемесі 5 проценттік жеңілдікпен несиелендіру бағдарламаларын пайдаланып жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау алуға ниеттілердің бірі – Зеренді ауданындағы «Колос-2014» шаруашылығы. Серіктестік жыл сайын шамамен 8 мың гектар алқапқа дән сіңіреді.

СНХ: АМАРХАН МУТАЛИЕВ, СЕРІКТЕСТІК ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Былтыр жауын-шашынның көптігінен астықтың шығымдылығы да біршама төмен болды. Сондықтан Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгіндік. Оны көктемгі дала жұмыстарына және күзгі егін орағына жұмсамақ ниеттеміз. Жанар-жағармай, тұқым және басқа да қажетті жұмыстарға қаражат алдық. Қазір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеп, көктемгі егіс науқанына дайындап жатырмыз.

РКС: Аймақтың шаруалары 76,5 млрд теңгеден астам қаражатты алып үлгерді. Айналым қаражатын толықтыру несиелік серіктестіктер, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалы арқылы 9 миллиард теңгедей берілді.

СНХ: ӘНУАР ҚАЙЫРБЕКОВ, АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын қаржыландыру үшін өтінімдерді өткен жылдың желтоқсан айында қабылдай бастады. Біздің филиалға 44,5 млрд теңге бөлінді. Қазір 17,3 млрд теңгеге 320 өтінім қабылданды. Соның 15,5 млрд теңгесі мақұлданып, қаржы шаруалардың шотына аударылды.

РКС: Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына қатысу үшін құжаттар жинап, өтінімдерді тапсырып жатыр. Маусымдық жұмыстарды алдын ала қаржыландыру шаруаларға тұқым мен тыңайтқыштарды уақытылы сатып алып, техниканы дайындауға және барлық қажетті жұмыстарды сапалы жүргізуге мүмкіндік бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ