ДИКТОР: Бүгін Халықаралық театр күні. Бұл күн 1961 жылы Халықаралық театр институтының IX конгресінде барлық театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Бүгінде елімізде 70-ке жуық театр бар, оның 57-сі – мемлекет меншігіндегі өнер ордалары. Солардың ішінде 11-і республикалық болса, 46-сы өңірлік деңгейде қызмет атқарады.

РКС: Қазақстанның мәдени өмірінде театрдың орны ерекше. Театр – ұлттың болмысын, оның ішкі әлемін, мәдени ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театры елдің мәдениет саласында өзіндік орны бар театрлардың бірі. Өнер ордасы 1996 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымымен ашылып, осы спектакльмен бірге театр тарихының алғашқы қадамдары жасалды. Қазір театрда 25 әртіс, 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Театр түрлі жастағы аудиторияға арналған спектакльдер ұсынады. Өнер сүйер қауымның жүрегінен өзіндік орын табатын шығармашылық туындылар да бар. Көрерменнің де қарасы жаман емес.

СНХ:МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, ШАХМЕТ ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: /Жуырда Алла жазса көрерменнің өте бір жақсы сүйіп көретін қойылым «Мен сені сағындым» деген қойылым бар. Отбасылық мәселелерді көтеретін, ерлі-зайыптылардың арасындағы түсінбеушілікті арқау еткен, көрермен жүрегіне жақсы керемет қойылым. Авторы Володин, қоюшы режиссері Мұрат Әбдірахманов деген ағамыз. Театрда көп жылдар қызмет атқарған режиссер болып. Осы қойылыммен келесі айда көрерменді қуантпақшымыз. Және көрерменнің тағы бір сүйіп көретін қойылым «Тендерге түскен келіншек» деген және балаларға арналған жаңа қойылым жүзеге асады. Оған дайындық, жұмыс процесі басталып кеткен.

РКС: Театр – киелі орын, руханияттың ошағы. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен ұлттық Құрылтайдың 4-ші отырысында аймақтарда театрды дамытуға баса назар аудару керектігін атап өтті. Сананы тұрмыс билеген заманда мықты өнер жасау үшін өнер адамына жағдай жасалу керек,-дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

СНХ:МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, ШАХМЕТ ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Мемлекет басшысының тарапынан театрға көңіл бөлінсін деген сөзің шығуы өнер адамдарын, әсіресе театрды қуантады және театралдарға үміт сыйлайды. Театрдағы тағы бір мәселе тілге тиек етіп –мына портал деген мәселе бар. Барлық театрға қатысты декорациясы, спектакльге керек заттарды портал арқылы, тендер арқылы аласың. Сол нәрселер қашан келетіні белгісіз, көп қойылымдарға кедергі келтіреді. Соның жеңілдетілген тетіктерін қарастыру керек деп ойлаймын.

РКС: Атаулы күнге орай театрда мерекелік шара өтті. Оның барысында тігін цехының меңгерушісі Ботагөз Бекентайқызы мен сахна технигі Тұрғынбек Нәбиұлына «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ театр әртісі Жанар Құсайынова Қазақстан театр қайраткерлері одағының атынан театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Дара» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар театр қызметкеріне Одақтың Алғыс хаты табысталды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ