ДИКТОР: Ауа райы күрт өзгеріп, аязды күндер басталғалы мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер көбейді. Күзден бастап өңірде 100-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері рейдтер өткізіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
РКС: Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қыста тек мұз үстінде ғана емес, таулы аймақтарда да қауіп-қатер ошағы жоғары. Щучинск–Бурабай курортты аймағында 1 жыл ішінде 7 төтенше жағдай тіркелген. Оның 3-і Бөлектау, 4-і Көкше тауында орын алған. Қазір су айдындарындағы жағдай тұрақты, мұздың қалыңдығы шамамен 20–25 сантиметр.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Су айдындарының кейбір бөліктерінде ойықтар бар, ал өзендердің беті әлі толық қатпаған. Бұл тұрғындар үшін қауіпті. Осыған байланысты Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын мұз үстінде жүрген кезде қауіпсіздік ережелерін толық сақтауға шақырады. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрге дейін болған жағдайда өзіңмен бірге құтқару жилеті және қажетті құралдар атап айтқанда арқан, арнайы біздер мен таяқ алып жүру қажет.
РКС: Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жедел-құтқару жасақтары бекеттерінің маңызы зор. Өңірде 6 бөлімше жұмыс істейді. Соның 2-і жуырда Бурабай ауданында ашылды. Бекеттер апатты-құтқару техникасымен, альпинистік және сүңгуір жабдықтарымен толық қамтылған. Жеке құрам тәулік бойы жұмыс істейді.
СНХ: ТАЛҒАТ АЙТПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Бұл аумақта Бурабай ауданындағы 36 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
50–60 жылдары салынған ғимарат тозып, ескірген еді. Қазір барлық қажетті жабдықпен қамтылған заманауи ғимарат пайдалануға берілді. Мұнда психологиялық және медициналық көмек көрсету бөлмелері, оқу сыныптары, диспетчерлік және ас қабылдау орындары бар.
СНХ: АЛЕКСАНДР ПОПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ: Материалдық-техникалық база мен тұрмыстық жағдай да айтарлықтай жақсарды, техника жағынан да үлкен өзгерістер бар.
Құрал-жабдықтарды сақтауға арналған кең әрі жылы гараж салынды. Барлық техника құрғақ әрі қолайлы жағдайда сақталып, кез келген уақытта қолданысқа әзір.
РКС: Айта кетейік, өзен-көлдерде қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға және мүмкіндігінше қауіпті серуендерден бас тартуға шақырады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ