ДИКТОР: Ақмола облысында реновация бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар аяқталуға жақын. Апатты жағдайдағы әрі қаланың сәнін бұзып тұрған баспаналар тек Көкшетауда ғана емес, сонымен қатар аудандарда да сүріліп жатыр. Қазір облыс бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылды? Шаһар келбеті қаншалықты өзгеріп жатыр? Тілші баяндасын.
РКС: Көкшетау мен Щучинск қалаларында реновация бағдарламасы өткен жылдан бері түбегейлі қолға алына бастады. Бүгінде 2 жоба жүзеге асырылып, тозығы жеткен 6 баспанаға жаңа дем берілді. Щучинск қаласы мен Аршалы ауылының тұрғындары жаңа пәтерлерге қол жеткізіп, қоныс тойларын тойлап үлгерді. Реновация бағдарламасы аясында Ақмола өңірі еліміз бойынша көш бастап тұр.
СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, Ақмола облысының әкімінің қадағалауымен өңірде реновация бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жоба Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында жүзеге асырылуда. Реновация арқылы бой көтеретін келесі баспаналар орталықтандырылған газға қосылады. Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компаниямен меморандумға қол қойдық. Олар ескі газгольдерлерді жеке қаражаттарынан қалпына келтіреді. Қажеттілік туындаған жерлерде реновация жобасы аясында салынып, ғимараттарға қосылады. Бұл сәулет, құрылыс сапасы, көгалдандыру және жаңартылып жатқан аулаларды тазартуда үнемі ілгерілеу болатынын білдіреді. Ең бастысы, тұрғындар бақытты.
РКС: Жобалар жобалау нормалары мен жергілікті ландшафтты ескере отырып әзірленді. Екі қабатты ескі ғимараттардың орнында енді заманауи 9 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Тіпті, ойын, спорт алаңдары салынып, аула абаттандырылып жатыр. Реновация бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топ санатына жататындарға арналған пәтерлерді сатып алуға да мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде ұсынылған баспананың сапасын жақсартады.
СНХ: АЛЕНА ФЕДОТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Вернадский көшесі, 72B мекенжайы бойынша қыркүйек айында пәтер алдық. Бізден асқан бақытты жан жоқ секілді көрінді. Себебі, осыған дейін біз ешқандай тұрмыстық жағдайы жоқ барак типтес үйде тұрып келдік. Ал, қазір ыстық суға дейін үйімізге кіріп тұр. Пеш жағып әуре болмаймыз. Бір сөзбен айтқанда бәрі керемет. Облыс басшылығына алғысым шексіз. Жаңа баспана күтіп отырған жандарға айтарым, шыдамдылық танытып күту керек. Міндетті түрде баспаналары боласыздар. Өйткені, бір кездері біз үмітімізді үзген едік. Бірақ, пәтер кілтін алғанда бізден асқан бақытты жан болмады. Жергілікті әкімшілік уәделерінде тұрды.
РКС: Қазір реновация бағдарламасы аясында Көкшетауда 4, ал аудан орталықтарында 3 жоба жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар жоба аяқталады деген болжам бар. Ал, кейбір жоба келер жылдың жазында аяқталады деп жоспарланып отыр.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ