ДИКТОР: Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы биыл да өз жалғасын тауып отыр. Наурызнама онкүндігі аясында түрлі дүбірлі думан, шатыққа толы шаралар өз түндігін түрді. Қайта жаңғырған бастама былтыр Президент пәрменімен қолға алынған болатын. Ақмола облысының өңірін түгел қамтыған думан барысында балада мәз, халық та шат-шадыман көңіл-күйге бөленіп, қыс көрпесін ысырып, жасығы жібіген көктемді ерекше қуанышпен қарсы алды. Биылғы наурыз мейрамы тіптен ерекше барынша дүбірлетіп тойланды. Тілшіміз Нұрсәуле Мұрат баяндайды.

РКС: Қазақ елі соңғы екі жыл қатарынан Наурыз мерекесін 10 күн бойы тойлауды әдетке айналдырып келеді. Наурызнама тұжырымдамасына сай көрісу күнінен бастау алған мереке тазару күнімен аяқталды. Онкүндіктің әр күні байырғы қазақ елінің мәдениеті мен дәстүрін,алуан түрлілігін дәріптейтін небір құндылықтарға арналып тойланды. Өскелең ұрпаққа төл дәстүріміз бен әдет-ғұрып барынша паш етілді. Ақмола өңірі бойынша атаулы мейрам да әр алуан форматты қамтып, қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес көңіл-күй сыйлады.

СНХ: ДИНА БЕЙСЕМБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Оның ішінде мерекелік концерттер, кездесулер, көрмелер және де шеберлік сыныптары. Ақмола облысының әрбір аудан,қаласында,әрбір ауылдарында 14 наурыз күні көрісу күні амал мерекесінен бастап 23-наурызға дейін көптеген іс-шаралар өтті.Оның ішінде 100-ден аса ауқымды іс-шара,мысалы республикалық,облыстық іс-шаралар өтті. Оның ішінде «Әдепті келін-отбасы көркі» келіндер байқауы, «Сән мен салтанат» облыстық дизайнерлер арасындағы байқау фестивалі, «Қазыналы қария»ата-әжелер арасындағы тағы да тағы басқа жаңару күні Көкшетауда керемет жаңалық, Шәмші Қалдаяқовтың және Еркеш Ибрагимнің 95 жылдығына арналған Көкшетауға арнайы жазылған 5 әннің тұсаукесері өтті.1000-ға жуық іс-шараға жалпы 100 000-нан астам ақмолалықтар қатысты.

СНХ:ЕРКІН КИКАРИНОВ, ТАРИХШЫ: Көрісу күнінің тарихы тереңде жатыр. Қазақтар бүл күнді Амал деп те атайды. Деректерге сүйенсек, сонау көне түркі заманынан келе жатыр. Алтын орда, Қазақ хандығы кезінде бұл күнді халық кеңінен тойлаған. Өлкетанушы, зерттеуші Мәшхүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ескіше 1 наурыз қазіргі 14 наурызбен сәйкес келеді екен. Қазақтар бұл күнді Наурызнама деп тойлай бастаған.

РКС: Наурызнама онкүндігі аясында 15 наурыз қайырымдылық шараларына арналды. Жалпы, игі істер дәстүрін тарату қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған орай, облыстық жастар ресурстық орталығы «Тазалыққа құрмет, жүрекке жылу» атты акциясын ұйымдастырды. Кез-келген ұлтты ұлт ететін айырықша белгілердің бірі – мәдениеті мен өнері. Сондықтан бүгінгі күн ата-бабамыздың рухани және мәдени тәжірибесін еске түсіре отырып, сабақ алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салауатты өмір салты, музыка салаларында ұлттық өзекке оралу үрдісі байқалады.Мерейлі мереке қарсаңында ғана емес, егеменді елде салт-дәстүрмен қатар ұлттық құндылықты ұлықтаған, түтінін түзеген отбасылар қаншама. Шаңырақ бір үйелменнің ғана емес, тұтас ұлтты біріктіру деген ниетті бейнелейді. Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзінің символдық мәні бар. Ата-бабалар айналадағы әр заттан пәлсапалық ой іздеп, өмір салтымен байланыстыруға күш салды. Шаңырақты да киелі деңгейге көтеруі тегін емес.

СНХ: ЕСЛӘМБЕК СМАҒҰЛ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Салт-дәстүр өзіміздің құндылығымыз дейміз ғой, сол ата-бабаларымыздың салып кеткен жолдары ғой. Осы құдайдың берген немерелерін тәрбиелеп келе жатырмыз, құдайға шүкір. Құдайдың берген немерелері. 4 баламыз бар. Отан үй ғой. Немерелерімізді осындай үйде тәрбиелеп, мұғалімдер ары қарай өздерінің білімдерін береді. Бізде наурыз мейрамы ата-бабамыздың мейрамы ғой. Сол мейрамдарда неге жүгірмеске?

РКС: Ескінің жаңарып, жаңаның жандануына әсер ететін сән үлгісі кез-келген қыз біткеннің арманы. Көкшетауда алғаш рет Наурыз мерекесіне орай қалалық «Ұлттық киімдер – халық даналығы» атты ұлттық киімдердің дефиле-байқауы өтті. Қазіргі сән үлгісіндегі ұлттық киімдерді мектеп оқушылары үлкен сахна төріне алып шықты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық спорт күні аталып өтілді. Осыған орай 1 мыңнан астам көкшетаулық тоғызқұмалақ турниріне қатысты. Сайыс бір мезетте Көкшетаудағы бірнеше білім ошағында ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақ ойынында үздіктер қатарынан көрінуден үмітті 350-ге жуық бала жиналды.

СНХ: ІҢКӘР СӘРСЕНБАЙ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Мен тоғызқұмалақты 5 сыныптан бастап ойнап келе жатырмын. Бұл ойын маған өте қызық. Және де қатты ұнайды. Менің ойымша ол ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан дәстүрлердің бірі болып есептеледі. Сондықтан да дәстүрлі ойындарды ойнау ол жақсы шешім.

РКС: Ұлттық спорт күнінде Красный Яр ауылында орналасқан ипподромда асыл тұқымды иттер арасында – тазылар жарысы өтті. Жыл басынан бері өтіп отырған алғашқы ашық чемпионатта еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар тазыларының ептілігі мен ұшқырлығын көрсетті. Ашық чемпионатта 90-ға жуық тазы 3 санат бойынша бақ сынасты. Асыл тұқымды иттердің жүйріктігін сынау үшін тазылар 15 рет 400 метр қашықтықта жүгірді. Құмай тазылар алдымен олжасын тартып алуы керек. Тазы иттер шапшаң, алғыр, жүйрік болады. Олардың бойында аңшылық инстинкт жақсы дамыған.

ИНТЕРШУМ:

РКС: 21 наурыз ынтымақ күнін Зеренді ауданының тұрғындары ерекше атап өтті .Бұл күні музыка мектебі мен креативті идеялар хабының капсуласы салынды. Наурыз мейрамы қарсаңында Зеренді ауданы орталығында өз өңірлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы тынымсыз еңбек пен адал қызметтің айқын көрінісін нақтылаған Зеренді ауданына қарасты ауылдық округтер мен коммуналдық мекемелерге жаңа көлік кілттерін табыстау рәсімі өтті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Қосшы қаласының тұрғындары халықаралық деңгейдегі заманауи мәдени-спорттық кеңістікті пайдалана алады. Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда алғашқы көпфункционалды комьюнити орталық ашылды. Кең ауқымды жобаны Болат Өтемұратов қоры жүзеге асырып, толықтай қаланың балансына берілді. Бір мезетте 1 мың адамға дейін қабылдай алады. Нысанның құны 20 миллион АҚШ долларына тең. Ашылу салтанатына Үкімет басшысының орынбасары қатысты.

СНХ: АҚЫЛБЕК ДАНАБЕКҰЛЫ, ҚОҒАМДЫҚ МӘДЕНИ-СПОРТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қосымша білім беру бағыттарында робототехника, сурет салу, мүсін. Спорт бағытында волейбол секциялары, футбол, баскетбол, үлкен теннис, гимнастика және күрес залдары бар. Және күрес залдары бар, сонымен қатар шахмат үйірмесі бар, ал мәдениет жағында жастарға арналған музыка студиясы, Ән, би, жаңағы домбыра, жетіген үйірмелеріне арналған кабинеттер бар. Сонымен қатар, бұл ғимараттың тағы да ерекшелігі бұл ғимаратта кино залы бар. 230 орынға арналған кино залы бар. және сонымен қатар лекционный залы бар 320 орынға арналған.

РКС: Сән-салтанаты келіскен Наурыз мейрамы Көкшетаудың орталық алаңында жалғасты. Наурыздың 22-сі таңертең алаңға жиылған жұртшылықты облыс әкімі Марат Ахметжанов мерекемен құттықтады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

РКС: Алғаш рет Көкшетау қаласында бұрын-соңды болмаған «Ақ кимешек» шеруі өтті. Шеруге көп балалы аналар, мұғалімдер, театр әртістері, жұмысшы мамандықтағы әйелдер қатысты. Шараға Елорда мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген қонақтар да қолдау көрсетті. Бір қызығы, қатысушылар арасында басқа ұлт өкілдері де бар. 30 жастағы жас келіншектермен қатар 90 жастағы қарт ана да шеруге арнайы келген.

СНХ: ЖІБЕК БАҒЫСОВА, ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: Әрдайым салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты барлығын да, тілімізді,дінімізді бәрін де ұмытпай оны бір күнде ғана орындамай мәңгі осылай жалғастыра берейік. Мен бүгін өзімді қазақ екенімді көріп тұрмын.Қазақ елінде тұрғанымды көріп тұрмын.Сқлу Көкшемде тұрғанымды көріп тұрмын.Сондықтан бақытты болайық, аман болайық. Бүгінгі мынау шеру,аналардың шеруі құтты болсын! Аналар әрқашанда бірге болсын.Ақ жаулықтары қалай жарасып тұр. Бұрыңғы біздің аналарымыз өз қолдарымен тігіп,осындай киімдерді жарқыратып киіп жүрген. Мереке құтты болсын!

РКС: Әрбір атаулы мереке өз шеңберінде аталып өтті. Биылғы наурызнама онкүндігі аясында халық дәстүрлері, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1000-ға жуық шара өткізілді. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналды.Осы орайда қала және аудандардағы тарихи- мәдени мұра нысандары аумағын қардан тазарту, тазалау, жуу сияқты 100-ден астам жұмыс жүргізілді.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ