ДИКТОР: Облыста ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті ауруларының алдын алуға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ, қаңғыбас иттерге чип салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл оған 5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Ветеринария саласына жыл сайын облыстық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Былтыр 3, биыл 4,3 миллиард теңге бөлінді. 2022 жылдан бастап мал дәрігерлерінің жалақысы 100 процентке көтерілді. Бұл ветеринария саласындағы кадр тапшылығын жоюға оң әсер етпек. Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

СНХ: АҒЫБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Былтыр ветеринария саласында индикативтік көрсеткіштерді орындау үшін облыстық бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Басқарма 144 миллион теңгеге 20 модульдік ветеринариялық пункт сатып алды. Егіндікөл, Сандықтау аудандарында және Степногорск қаласында типтік 3 мал қорымының құрылысы басталды. Облыста осынша мал сою пункті ашылды. Біреуі Көкшетауда, екеуі Целиноград ауданында. Облыстық бюджеттен ветеринариялық станцияларға 238,5 миллион теңгеге 22 қызметтік көлік сатып алынды. Биыл индикативтік көрсеткіштерді орындау үшін 419 миллион теңге бөлінді.

РКС: Облыс аумағында мал соятын 20-ға тарта пункт ашу жоспарланған. Облыстың 8 ауданында 9 мал қорымын салуға 421 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жіберілді. Облыста эпидемиологиялық жағдайдың біршама жақсарғаны байқалады. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетке де оң әсер етеді.

СНХ: АҒЫБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Биыл облыста ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4 миллиард теңгедей қаражат бөлінді. Биыл 6 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануарын вакцинациялау жоспарланған. 1 миллионнан астам жануар бруцеллез және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы диагноздан өткізіледі. 140 мыңға жуық ірі қара, 170 мыңнан астам ұсақ малды, 30 мыңдай жылқыны, сондай-ақ 35 түйені сәйкестендіру жоспарланған. Жыл басынан бері зертханада аса қауіпті ауруларды зерттеу үшін 86 мыңға жуық ірі қара және 153 мың ұсақ малдан қан алынды. 29 мың бас ірі қара, 46 мыңнан астам ұсақ мал, 2 мың 400 бас жылқы сәйкестендіруден өтті. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізіледі.

РКС: Брифинг барысында қаңғыбас иттер мәселесіне қатысты сұрақ қойылды. Ағыбай Сыздықовтың айтуынша, биыл облыста 800-ден астам қаңғыбас ит ауланған. Алайда, Көкшетау қаласында қаңғыбас иттерді аулау қызметін жүргізетін компанияның табылмауына байланысты қосымша конкурстық рәсім өткізіледі. Бұған дейін өткізілген 5 конкурста жеткізуші анықталмаған. Қазір кезекті конкурс жарияланды. Оның қорытындысы 28 наурызда белгілі болады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.