ДИКТОР: Наурыз мейрамы күні асыл қариялардың дендері сау, көңілдері сергек болуы үшін Көкшетау қаласында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Бұл зейнет жасындағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық.
РКС: Салтанатты рәсім облыс әкімінің қатысуымен өтті. Өңір басшысы Марат Ахметжанов қала тұрғындарын аталған орталықтың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күнді жыл басы табиғаттың жаңаруы деп есептеп, мереке мен молшылыққа бағалаған. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата-дәстүрмен сәйкес, барша жұртымыз бір ел, бір халық болып қарсы алатынын айтып кетті. Осы ретте жаңа жылымызда жақсы себеппен, жақсы іспен қарсы алғалы отырмыз. Міне бүгін үлкен буынға құрмет ретінде Көкшетау қаласында "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығын ресми түрде ашып отырмыз.
РКС: Жаңа орталықта қариялардың бос уақытын тиімді пайдалануына бар жағдай жасалған. Компьютерлік сауаттылығын арттырам дегендерге, шет тілдерін үйренгісі келетіндерге спортпен және вокалмен айналысам деушілерге қызметтің түр-түрі ұсынылады. Сондай-ақ мұнда жасыл желекке толы оранжерея, аквариум, демалыс орындары, спорт залы, кітапхана, сондай-ақ заңгерлік және психологиялық кеңес беретін кабинеттер де бар.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазақта әдемі сөз бар әдемі қартаю деген. Бұл әдемі қартаю деген егде жасқа жеткен, зейнет жасына шыққаннан кейін, үйге қамалып отырып қалатын жағдайлар болады. Сол жаңағы өмір бойы еңбек еткен адамдардың бір сәт сауығып, сергек өмір сүруге деген талпыныс осындай орталықтардың арқасында жүзеге асады. Әлемдегі үлкен үрдіс батыс елдерінде ерте заманнан өздерінің қарттарына деген орталықтар ашып, олардың жағдайларын жасап, оларға қартаюдың жақсы жолдарын қарастырған жағдайлар бар.
РКС: Шара барысында Шоқан Уәлиханов және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің ректорлары мен белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мекемесі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, облыс әкімі орталықтың ашылуына ат салысқан азаматтар мен демеушілерді марапаттап, алғыс хаттар табыстады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Айта кетейік, алдағы уақытта облыстың барлық өңірінде осындай орталық ашу жоспарланып отыр. Ал қала бойынша бұл орталықтың филиалдары да жұмыс істейді. Салтанатты шара соңында клуб мүшелері ән мен жырдан шашу шашып, көпшілікке өнерлерін паш етті.
ИНТЕРШУМ:
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ