ДИКТОР: Көкшетауда ән жанрының майталманы, қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқов пен лирик ақын, журналист Еркеш Ибраһимнің 95 жылдық мерейтойына арналған «Байғазыңа бес ән арнадым» атты ән-кеші өтті. Бұл маңызды шараның артында үлкен тарих пен естелік жатыр. Әуелеген сазды кеште оркестрдің сүйемелдеуімен Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың Көкшетау туралы бес әні алғаш рет шырқалды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Киелі Көкше жері қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың жүрегінде мәңгілік із қалдырған аймақтың бірі. Осыдан 50 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтың шақыруымен Шәмші Қалдаяқов осы аймаққа келіп, жаңа шығармалар жазған. Көптен бері беймәлім болған әндердің ішінде «Кел Бурабайға», «Шынарым», «Көгілдір Көкше», «Биші қайың» және «Ақмаржан» сияқты туындылар бар. Бұл әндердің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. «Көгілдір Көкше», «Биші қайың» әндерінде композитор жергілікті табиғаттың сұлулығын бейнелесе, «Ақмаржан» әнін көрнекті сазгер Еркін Әуелбековтың Көкшетау өңіріне қосқан елеулі еңбегіне арнап жазған. Музыкалық кеште бұл әндер танымал әншілердің Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, тыңдарман назарына ұсынылды.
СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Бізге ұсыныс болды елден, ел ағаларынан. Осылай Шәмші келіп еді. Бес ән шығарып кетіп еді. Ол қайда, бір жерде нотасы жатыр ғой деп. Сосын біз іздеу салдық. Сонда «Кел Бурабайға» деген әні 50 жылдан кейін орындалып тұр. Роза Бағлановадан кейін ешкім орындамаған. Одан кейін мына «Шынарым» деген әнді Мұзарт тобы айтып жүр ғой, бірақ халық білмеді оны, кімге шығарылған екенін, сөйтсе бұл Шәмші Қалдаяқов Көкшетауға келгенде шығарған ән екен. Соны халыққа беру жоспары болды. Және бүгін ойдағыдай шықты деп ойлаймыз. Нотаға бекітіп, архивке салып қойдық қой. Енді бұл әндер жоғалмайды.
РКС: Музыкалық кеш Шәмші Қалдаяқов шығармашылығының жанкүйерлері үшін ерекше болды. Көкше жұрты сазгердің әрбір әніне ерекше ықылас танытып, сүйікті әндерін сахна төріндегі әншілермен қоса шырқап, шараның шырайын келтірді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жиналған халықтың басым бөлігі аға буын өкілі. Сахнада шырқалған «Қайықта», «Теріскей», «Қарагөз», «Құшақ жайған қандай адам» әндері көрермендерді бір сәт жастық шаққа жетеледі. Сазгердің өнерінен шабыт алған көрермендердің бірі - Шәмші Қалдаяқовқа арнап өлең жолдарын арнаса, енді бірі - ностальгияға толы балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті.
СНХ: НҰРЖӘМИЛА ӘЛІБЕКОВА, КӨРЕРМЕН: Осы Шәмшінің әндерімен өзіміз өстік. Шәмші әндерінің тәрбиелік мәні өте зор, өте жақсы, лирикасы қандай. Шәмші әндерін айтқан кезде адамның жүрегін елжіретіп, іші бауырыңа кіріп, сондай бір жақсы күйде, жақсы сезімде боласың. Сондықтан Шәмшінің әндері ешқашан да өлмейді. Қазақтың халқы тұрған кезде, Шәмші мәңгілік. Бүгінгі концерт өте тамаша Бір он жылға ғұмырымызды ұзартты осы концерттен, жақсы көңіл-күймен шықтық. Өте тамаша өтті концерт.
СНХ: ЖІБЕК АСПАНДИЯРҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН: Мен 1973 жылы Шәмші ағаны көрдім. Ол біздің үйге келді. Айыртау ауданы Тереңкөл деген жерге. Біздің Тереңкөл мен Мәдениет деген ауылдың екі ортасында , сол жерде Ақан серінің зираты бар. Менің атам сол Ақан серінің зиратын тауып берген, Ақан серіні көрген кісі бала кезінде . Шәмші соны естіген қой енді. Біздің үйге келіп, атама сәлем берді. Менің Қазақстаным деген әні, сол кездегі шығарған әні, одан кейін қаншама әндері, вальстері , менің апам айтатын да Шәмшіден басқа ешкім ән шығара алмайды. Шәмшінің баласы келіп отыр. Концерттерін телевизорден де қалдырмай көреміз Шәмшінің әндерін, көріп отырамыз.
РКС: Кештің басты қонағы ретінде Шәмші Қалдаяқовтың ұлы, дирижер, Мәдениет саласының үздігі Мұхтар Қалдаяқов шақырылды. Ол концертке атсалысқан өнер ұжымдары мен көрермендерге ризашылығын жеткізіп, кештің жоғары деңгейде өткенін айтты.
СНХ: МҰХТАР ҚАЛДАЯҚОВ, ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ҰЛЫ ДИРИЖЕР: Осындай үлкен концерттің өткеніне өте қуаныштымын. Бәрі жоғары деңгейде өтті. Өнер көрсеткен барша әртістер жоғары кәсіби музыканттар. Әкемнің әндерінің өміршеңдігіне тағы бір көз жеткіздім. Өйткені залдағы әр тыңдарман барлық әуенді бірге қосылып шырқап отырды. Мен үшін бүгін ұлы күн деп айтар едім. Өйткені осындай форматтағы кешиі алғаш көруім.
РКС: Кеш соңында керемет әсер алған көрермен қауым өнер иелеріне алғысын жаудырып, осындай шаралар жиі өткізілсе деген ізгі тілектерін жеткізіп тарқасты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ