ДИКТОР: Кәсіби техникалық мамандықтарға жас буынның ынтасын арттыру мақсатында жастар ресурстық орталығы «Көкшетау минералды сулары» серіктестігіне барып, сала өкілдеріне арналған мүмкіндіктер жайлы баяндады. Тілшіміз Жанар Мұқышева баяндайды.
РКС: Жиын барысында биылғы жылдың маңыздылығы мен жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мәселелері талқыланды. Өз кезегінде жастар ресурстық орталығының өкілдері өздерінің бірнеше жобасын таныстырып, өндіріс орнымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
СНХ: ДАСТАН ЕРМЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Jas Project», «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Jas Aqmola» деген іс-шара, жобаларымыз бар. Яғни, жұмысшы мамандықтар өз жобаларын қорғап, бізден грант немесе стипендия ұтып ала алады. Біз қандай бағдарламалар болатынын түсіндіріп кеткен болатынбыз. Бізбен бірге «Ақмола IT Hub»-тан да мамандар болды. Олар да өз тарапынан IT жағынан мекемені қалай дамытуға болатынын түсіндіріп кеткен болатын. Алдағы уақытта енді міндетті түрде жәрмеңкелерге шақырамыз. Және алдағы уақытта бізде оқулар болады. Сол бойынша тағы келіп түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
РКС: «Көкшетау минералды сулары» серіктестігі еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі. Қазақстан тәуелсіздігі жылы ашылған зауыт бүгінде өндірістік қуатын арттырып, әлем елдері мойындаған брендке де айналды. Кәсіпорында өндіріс толық автоматтандырылғанымен, жұмысшы мамандар үнемі қажет. Ал бұл тапшылықты жою үшін ең алдымен жоғары оқу орындары да нарықтағы сұранысқа қажет мамандарды даярлау керек дейді,- кәсіпорын өкілі.
СНХ: ҮСЕН ҚАБИДЕН, «КӨКШЕТАУ МИНЕРАЛДЫ СУЛАРЫ» СЕРІКТЕСТІГІ ӘКІМШІЛІК-ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Біздің кәсіпорында 300-дей жұмыскер істейді. Әлеуметтік көмек, апарып-әкелетін көлік, тегін тамағы бар, арнайы киімдер береді. Қауіпті, зиянды салада істейтіндерге сүт өнімдері беріледі. Жастар әрқашан тапшылау. Өйткені, қазіргі кезде жастардың ішінде мына жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас, жалғыз жастар арасында ғана емес, өзгерген. Слесарь, наладчиктар, дәнекершілер, операторлар. Жоғары оқу орындарымен, техникалық колледжбен тығыз жұмыс істейміз. Сондықтан нарыққа бейімделіп, оқу орындары да сол тапшылықты жою жөнінде жұмыс істеу керек деп ойлаймын.
РКС: Жиынды қорытындылай келе, кәсіпорын өкілдері жастарды қолдауға қашан да дайын, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ең алдымен жастардың кәсіби бағдарын анықтауға септігін тигізетінін атап өтті. Шара соңында бірқатар белсенді жұмысшы жастарға Алғыс хаттар табысталды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ