ДИКТОР: Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Ғосман Төлеғұлдың 75 жасқа толуына орай Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасы еске алу кешін ұйымдастырды. Шарада Ғосман Төлеғұлдың қызметтегі жолы мен артына қалдырған мол мұрасы жайлы сыр шертілді. Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды.

РКС: Ғосман Төлеғұл саналы ғұмырын баспасөз саласына арнады. Алғашқы еңбек жолын Зеренді аудандық газетінен бастаған. Кейін облыстық «Көкшетау» газетінде бөлім меңгеруші, облыс әкімінің хатшысы, облыстық тілдер басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бас маман, бөлім басшысы болды. Көкшетау Ақмола облысының орталығы болып қайта құрылған кезде ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы саланың басшысы қызметін атқарды. Зейнетке шыққан соң ғұмырының соңына дейін облыстық ардагерлер кеңесін басқарды. Көзі тірісінде туа біткен тектілігінің арқасында қазақ тілінің нағыз жанашыры бола білді. Бірегей аудармашының 70-ке жуық кітабы бүгінде қолданыста. Оның бір ерекшелігі орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға әдеби тілде майын тамызып аудара білуінде. Құнды туындыларының көпшілігі тарихи туындылар мен әдеби шығармалар. Бір көргеннен-ақ кез келген адамды ықылас-пейілімен баурап алатын, ерекше жаратылысымен жанды жадырататын, жатық мінезімен, байсалдалығымен таң қалдыратын адам және билингвист ретінде қос тірлікті қатар ұстаған еді»- деп еске алады үзеңгілес әріптестері.

СНХ: ҚАРАТАЙ ТӨЛЕКЕЕВ, ҚАЛАМГЕР,ТІЛ ЖАНАШЫРЫ: Ол кісінің адамгершілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкенмен үлкен,кішімен кіші болатын ашықтығы. Жақсылығы болса жақсылықты, жамандығы болса жамандықты ешқандай қысылмай, именбей, қорықпай қабылдап алатын да, ақырын ақылмен оймен жеткізетін. Ғосекеңнің артына қалдырып кеткен мұрасы өте көп. 72-ге тарта аударма кітап қалдырды. Ол орысшадан қазақшаға,қазақшадан орысша аударған кітабы. Оның басты шығармалардағы өзегі, жалпы мынау тарихи шығармаларды көп аударды.Сонымен қатар саяси шығармаларды көп аударды.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ғосекеңнің мен екі қабілетін атап өтсем деймін: Қазақстанда билингвистер өте аз,осыған осы билингвистика саласында өте мықты маман болды. Яғни кәсіби маман ретінде,мәдениет пен өнер саласында, әдебиет саласында қос тірлікті қатар ұстаған бірінші және Қазақстандағы мықты ғалымдардың, жазушылардың, әлемдік тұлғалардың шығармаларын екі тілге аударып, еңбек етті. Мұндай тұлғалар өте аз Қазақстанда. Екіншіден, Ғос ағаның мінезіне байланысты. Ол өте мықты интелектуал болды. Ұлғайған шағында да,жас кезінен бастап, осы интелектуал бағытта атқарған қызметі, энциклопедиялық білімі ғажап болатын. Мен өзім таң қалатынмын осы бағыттағы білмейтіні аз еді. Өте кітапқұмар еді. Кездескен сайын жаңадан шыққан кітаптарды талқылауда, Қазақстанда, ТМД елдерінде бестселлерлерді талқылағанда орасан білімі болатын. Ондай өзі Көкшетауда Төлеген Қажыбай болды, осы Ғосман Төлеғұлұлы болды. Олар менің рухани ағам ретінде, үнемі ізденіс үстінде болуыма әсер ететін.

РКС: Жас ұрпақтың бойына ұлттық сананы сіңіруде, өткен тарихты зерттеп, тарихи мұраның айна қатесіз өскелең ұрпаққа бұралаңсыз жетуі жолында да аянбай еңбек еткен. Атадан балаға мирас болып дарыған, ұлтымыздың сал-серілік дәстүрін ұстанған, қысқа да, нұсқа сөйлейтін шеберлігі, әуелетіп ән салатыны, бірге жүрген әріптестеріне ой салса, жастарға үлгі боларлық аңыз ғұмыр екені сөзсіз.

СНХ: АЯУЛЫМ ҚАЗБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ 1-ШІ КУРС СТУДЕНТІ: Бүгінгі шарадан түйгенім бар саналы ғұмырын осы мемлекеттік жұмыстар мен шығармашылыққа арнаған өнегелі ісімен елге танылған, білікті де беделді мемлекеттік қызметші. Ғосман Төлеғұлұлының еңбекқорлығы, руханиятта қол жеткізген жетістіктерімен таныспыз. Ғосман Төлеғұлұлының жарқын бейнесі кейінгі ұрпақтың, өскелей ұрпақтың және де халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Және де біздің өңіріміздің тарихында сақталады деп ойлаймын.

РКС: Қажырлы еңбегінің арқасында Үкімет тарапынан өзінің лайықты бағасына ие болған жан. Ол «Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен, «Бірлік», «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгілерімен марапатталған. Ғосман Төлеғұл ғұмырында пендешіліктен ада, шешенсіп көзге түсуден аулақ болған жан. Кез келген істе білек сыбана кірісіп, кемел ақылымен, өмірлік бай тәжірибесімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білді. Артына өлмейтін мол мұра қалдырған әдебиет, тіл жанашыры.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ