ДИКТОР: Күніне 112 шұғыл нөмірі бойынша облыс аумағында 600-ден 800-ге дейін қоңырау шалынады. Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің операторлары тұрғындардан төтенше жағдай немесе шұғыл көмекті талап ететін өзге де жағдайлардың қаупі туралы хабарламаларды тәулік бойы қабылдайды. Түрлі жағдайлар кезінде көмекке жүгінген азаматтарға қандай жәрдем көрсетіледі? Тілші материалына назар аударыңыздар.
РКС: 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет барлық шұғыл қызметті бір ақпараттық жүйеге біріктіреді. Осы нөмір бойынша тұрғындар кез келген төтенше жағдайда өрт сөндірушілерден, полицейлерден және жедел жәрдем қызметінің дәрігерлерінен көмек ала алады. Желі операторлары азаматтардан қоңырауларды қабылдай отырып, барлық деректі арнайы база арқылы шағымданушыға қажет шұғыл қызметке жібереді. Олар 4 ауысымда 4 адамнан үздіксіз жұмыс істейді.
СНХ: РОЗА ДҮЙСЕМБИНА, «112» БІРЫҢҒАЙ КЕЗЕКШІ-ДИСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ АҒА ОПЕРАТОРЫ: Маусымдық сәтте әр операторға орташа есеппен 150-200 қоңырауға дейін келеді. Бір ауысымда 12 сағаттан жұмыс істейміз. Қоңыраулар да әр түрлі болады. Бірі өрт оқиғасы орын алғаны туралы немесе адамдар кептеліп, эвакуация қажет екенін айтып хабарласады. Тиісінше, біз барлық деректі қабылдап алып, тиісті қызметке жібереміз. Жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінуге байланысты қоңыраулар да келіп жатады. Онда да барлық деректі қабылдап, әріптестерімізге бағыттаймыз. Ал олар көмекке жедел жәрдемді жібереді.
РКС: Облыс тұрғындары 101 нөмірі бойынша тікелей өрт сөндіру қызметінің көмегіне жүгінеді. Күн сайын облыстық төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің операторлары 300-ге жуық қоңырау қабылдайды. Өрттің қауіпті кезеңінде және ұзақ мерзімді табиғи апаттар жағдайында қоңыраулар саны мыңнан асып жығылады. Бұдан бөлек, олар шұғыл көмек көрсету үшін "112" қызметінен келетін сұраныстарды пысықтайды.
СНХ: ИНДИРА ЖҮНІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІСІ: Араға үш күн салып ауысып отырып істейміз. Таңғы 8-де ауысымды қабылдап алып, қызметімізге кірісеміз. Яғни, егер қандай да бір апат, өрт және басқа да оқыс оқиға орын алып жатса, барлық қызметпен өзара әрекет етіп жұмыс істейміз. 101, 112 желілері бар. Біздің міндетіміз-хабарламаны қабылдау. Ал хабарласқан азамат оқиғаның қай жерде орын алғанын толық хабарлауы шарт. Біз күш пен құралдарды сол жерге жібереміз.
РКС: Сондай-ақ кезекші бөлімге "Қазгидрометтен" дауылды ескерту туралы ақпарат та келіп түседі. Одан соң ол SMS-хабарлама арқылы халықты хабардар ету үшін ұялы операторларға жіберіледі. Бұл ең алдымен тұрғындар үшін өте қолайлы. Ауа райы туралы болжам мен жолдардың жабылуына қатысты ақпаратты алдын ала білуге зор мүмкіндік.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ҚАИРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.