ДИКТОР: Балаларды сапалы және теңдестірілген тамақпен қамту-мектепке дейінгі мекемелердің басым міндетінің бірі. Көкшетау қаласында мектепке дейінгі 27 мекеме және шағын 4 орталық бар. Бұдан бөлек жекеменшік 17 балабақша және 1 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Аталған балабақшаларда бүлдіршіндерді тамақтандыру мәселесі қалай жүзеге асырылуда? Қандай стандарттар қолданылуда? Тілшіміз Сабина Жамшитова айтады.

РКС: Көкшетаудағы балабақшаларда тамақтануды ұйымдастыруға ерекше басымдық берілген. Бәрі алдын ала мұқият жоспарланады. Ас мәзірі оқу-ағарту және денсаулық сақтау министрліктері бекіткен нормаларға негізделген. Берілетін тағамның мөлшері санитарлық ережелер мен балалардың жас ерекшеліктерінің қажеттілігін ескере отырып жасалады.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мектепке дейінгі нысандарда тамақтануды ұйымдастыру үшін міндетті түрде рұқсат алу керек. Өйткені ол мекемелер жоғары эпидемиологиялық маңызы бар нысан. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар құжат алу міндеттеледі. Егер нысан талаптарға сәйкес келмесе, оған ұсыным беріледі. Келеңсіздіктерді қалыпқа келтіргеннен кейін, рұқсат алу үшін құзырлы органға қайта жүгінуіне болады. Тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде ең алдымен азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне жауап беретін құжаттың болуын естен шығармау керек. Сонымен бірге тамақ дайындауға қолдануға блолтаныны жөнінде де арнайы қақағазы болуы шарт.

РКС: Балабақшаларға тек сертификатталған өнімдер ғана жеткізіледі. Оның өзінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері екенін айта кету керек. Мамандар азық-түліктің сақталу жағдайын, пайдалану мерзімін және тағамды әзірлеу технологиясының сақталуын қадағалап отырады. Тіпті бір балаға берілетін тағамның мөлшері мен температуралық режимі де қатаң бақылауда. Ас мәзірін дайындау ерекше назарда.

СНХ: ЛЮДМИЛА ПОБЕДЕННАЯ, «АЛТЫН БАЛА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИЕТА ЖӨНІНДЕГІ МЕЙІРБИКЕСІ: Біз 10 күнге арналған ас мәзірінің кестесін жасап қоямыз. Ол қатып қалған тізім емес. Болжамды кесте. Маусымдық десек те болады. Қыс-көктем, жаз-күз деп бөлеміз. 2012 жылдың 12-ші ақпанындағы 320-шы қаулыда жазылған нормаларды есепке ала отырып, 10 күнге ас мәзірінің тізімі жасалады. Онда бір балаға тәуліктік норма бекітілген. Ет, сүт, май, өсімдік майы, нан, қант секілді азық-түліктер күнделікті ас мәзірінен түспейді. Ал балық, жұмыртқа, тауық еті, қатты ірімшік аптасына бір реттен ғана берілуі тиіс.

РКС: Айта кетейік, егер балада әлдебір тағамға аллергиясы болса, онда оны алмастыратын арнайы кесте бар. Ол жерде азық-түлікті басқа тағаммен ауыстыру қажеттігі туралы толық жазылады.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ