ДИКТОР: Жастарды кәсіпкерліктің әліппесіне үйрету. Олардың осы салаға ынтасын арттыру маңызды. Сондықтан жыл сайын өткізілетін «BASTAU TALKS» қоғамдық дәрісі осындай өзектілігімен құнды.

РКС: Жеке кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау зор. Бірақ, соны неден бастау керек деген сауал жастарды көп толғандырады. Қоғамдық дәрісте өз ісін нольден бастаған кәсіпкерлер жеке тәжірибесімен бөлісті. Грант ұтып алудың жолдарын айтты.

СНХ: ӘСЕЛ САЛАМАТОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Жастарға бизнестің артықшылықтарын, оны қалай ашу керектігін, не күтіп тұрғанын, сәтсіздіктерді ашу үшін спикер болуға шақырды. Өзімнің тәжірибеммен бөліскім келді, жастар біз жіберген қателіктерден аулақ болғанын қалаймын. Сән саласында жастар өте көп, бәсекелестігі жоғары, бірақ сапалы әрі адал жұмыс істеу керек. Сонда клиенттер де көп болады.

РКС: Көкшетауда ғана емес, Зеренді мен Жарқайың аудандарында да кәсіпкерлік қызметпен айналысатын спорт, сұлулық салондары, баспахана сынды салаларда табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер жастармен бизнесте кездесетін қиындықтарға қатысты тәжірибелерімен бөлісті.

СНХ: САМАЛ ҚОСТАНОВА, КӘСІПКЕР: Тігін саласында жұмыс жасаймын. «Шұғыла сән әлемінің» негізін қалаушымын. Киім тігеміз. Біздің киіміміздің ерекшелігі ұлттық нақыштағы заманға сай киімдер. Осы істі бастағаныма 2019 жылдан бері 5 жыл болды. Енді ғана аяғымызға тұрып, қадам басып жатырмыз. Менде өзімде қазір үш жұмысшы бар, басында өзім жалғыз бастағанмын. Және субсидиямен жастар практикасы бойынша жастар маған келеді.

СНХ: МАҚПАЛ ЖАНАРЫСОВА, NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Кездесуде бизнес ашуда, жастарға арналған қандай гранттар, бағдарламалар бар екені туралы ақпарат берілді. Шараға Көкшетау қаласының жоғары оқу орындары мен колледждерінен 120-ға жуық студент қатысты. Бұл жастар үшін мотивация, біз 14-35 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейміз.

РКС: Қазіргі жастардың өз ісімен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Жастарды бизнеске тарту экономика мен әлеуметтік ортаны дамыту үшін маңызды. Өйткені, жастардың шығармашылығы, энергиясы және инновациялар мен тұрақты өсуге айтарлықтай әсер ететін тың идеялары бар.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.