ДИКТОР: Желтоқсанның 1-і Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен күрес күні. Атаулы дата қарсаңында медицина қызметкерлері, азаматтық қоғамдастық және осы аурумен сырқаттанған адамдар бірлесіп, одан айығудың жолдарын іздестіру үшін бас қосады. Өңірде иммун тапшылығы вирусының таралу деңгейі қандай? Бұл дертпен күресу, халықты ақпараттандыру үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Тілшіміз Жанар Мұқышева баяндайды.

РКС:АИТВ инфекциясы - басқа ауруларға қарағанда қоғамдағы демографиялық, экономикалық және әлеуметтік процестерге әсер ететін әлеуметтік мәселе. Қазір облыс бойынша 1100-ге жуық адам АИТВ дертін жұқтырған. Жыл басынан бері 109 адамның дертке шалдыққаны анықталды.

СНХ:БАЛҒЫН САРБАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Инфекцияның негізгі таралу жолы яғни, 84,5 проценті негізінен жыныстық қарым-қатынас арқылы таралады. Есірткі заттарын инъекциялық қолдану арқылы жұқтыру - 12,8, артифициалды манипуляциялар – 1,8 процент, таралу жолы анықталмаған жағдай 0,9%. Дертке шалдыққандардың көбі 30 бен 49 жас аралығындағылар.

РКС:Айта кетейік, Қазақстан Республикасының азаматтары иммун тапшылығы вирусын анықтайтын тестілеуді тегін өте алады. Бейінді топтар үшін адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупін болдырмауға бағытталған арнайы профилактикалық бағдарламалар қарастырылған.

СНХ:ҚҰРМАНБЕК БҰРМАҒАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен күрес күніне арналған шаралар шеңберінде біздің орталық Көкшетау қаласының қоғамдық орындарында және білім беру мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу бойынша акциялар өткізуді жоспарлап отыр. Ақпараттық-диагностикалық шара барысында әрбір тұрғын 20 минут ішінде өзінің АИТВ мәртебесін біле алады.

РКС: Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен күрес күніне бағытталған акцияны «РИО» ойын-сауық-сауда орталығында, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Көкшетауда АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында ашық есік күні де ұйымдастырылады. Онда әрбір қала тұрғыны мамандардан тегін кеңес алып, АИТВ инфекциясын анықтайтын тестілеуден өте алады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ