ДИКТОР: 2025 жұмысшы мамандықтар жылында мүмкіндігі шектеулі жастардың да өзекті мәселесіне ерекше басымдық берілуі тиіс. Бұл орта арнаулы оқу орнындағы инклюзивті топта білім алып жүрген студенттердің талабы. Өйткені жұмысшы мамандығын меңгерген ерекше қажеттілігі бар жастардың дені жұмыссыз. Кәсіпорындар оларды жұмысқа алуға құлықсыз. Кәсіптік колледждердегі тағы бір мәселе-сурдоаудармашы жоқ.

РКС: Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің 3 курс студенті Темірлан Қонақбайдың туғаннан құлағы естімейді. Инклюзивті білім беру бағдарламасы шеңберінде оқып жатыр. Темірлан ағаш шебері, астау, кесе, ас үйге қажет өзге де заттарды істейді. Суретші, спортшы, шеберлігімен ұстаздарын талай таңқалдырған ол республикалық «Абилимпикс» байқауының 1 орын иегері.

СНХ: ТЕМІРЛАН ҚОНАҚБАЙ, СТУДЕНТ: Мен қазір соңғы курста оқып жатырмын. Колледжді аяқтаған соң қайда барып жұмыс істейтінімді білмеймін. Әрине еңбек еткім келеді. Екі қолға бір күрек табу қиын екенін түсінемін. Біздің жағдайымыз ескерілсе екен.

РКС: Владислав Гришин жеңіл атлетикадан республикалық деңдейдегі спортшы. Әлемнің көптеген елдерін аралап, талай жүлделі орынға ие болған. Ол да ағаш, былғарыдан түрлі заттар істейді. Аздап естиді, сол себепті ұстаздары оған болашақта өз кәсібін ашуға кеңес беруде. Қабілетті, білімді дарынды қазірден сол бағытқа тәрбиелеуде.

STAND-UP: МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ТІЛШІ: Еліміздегі инкюзивті білім беретін колледждердегі тағы бір өзекті проблема сурдоаудармашы жоқ. Оған арнайы штат бөлінбеген. Мұндағы педагогтар ыммен сөйлеуді меңгермеген. Сол себепті сабақ барысында әр студенттің жанына жеке барып, қажет кезде қағазға жазып түсіндіруден басқа амал жоқ. Бұл ұстаздың уақытын алады. Әрі сабақ бағдарламасын толық өткізуге біршама кедергі болатыны да сөзсіз.

РКС: Бурабайдың тумасы Әсия Бальшикеева дәрігердің дұрыс қоймаған диагнозының салдарынан 13 жасында жанарынан айырылған. Амалсыздан 11 сыныпқа дейін үйінде оқып, кейін колледжге түседі. Мұнда түрлі заттарды тоқып үйренді. Ендігі мақсаты іс тігуге машықтану.

СНХ: ӘСИЯ БАЛЬШИКЕЕВА, СТУДЕНТ: Мен спортшымын, 100 метр, 200 метр жүгіруден Қазақстан Чемпионатының жеңімпазымын. Енді іс тігіп үйренгім келеді. Әр қыз балаға ол керек қой. Мүмкін кейін жұмыс та табылып қалар.

СНХ: ӘСЕЛ ИМАҒАНБЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӘДІСКЕРІ: Сурдоаудармашылар мен педагог ассистенттер керек. ҚР Президенті халыққа Жолдауында 2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы мәселелер шешілсе дейміз. Мүгедектігі бар студенттерді жұмысқа алғылары келмейді. Яғни мұндай балаларды дені сау балалардан айырмай осы мәселені шешсе дейміз. Барлық студенттер жеке ерекшеліктеріне қарамастан білім алуға құқылы.

РКС: Өңірде ағаш бұйымдарын жасаумен айналысатын кәсіп иелері көп. Оларда маман тапшылығы да бар. Бірақ он саусағынан өнер тамған осындай шеберлерді тұрақты жұмысқа алмайды. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан еңбек қауіпсіздігін сақтай алмай қала ма деп қауіптеді. Ақмола облысындағы орта арнаулы білім беру ұйымдарында қазір ерекше білім алуды қажет ететін 220-дан аса студент оқып жатыр. Колледжді бұған дейін аяқтап жұмыссыз жүргендері қаншама. Олардың бар үміті жұмысшы мамандықтар жылында Үкіметтің назарына ілігу.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫРБЕК ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛ, КӨКШЕ АҚПАРАТ