ДИКТОР: Жыл басынан бері 4 адам тұтынушылық құқығының бұзылуына байланысты шағым түсірген. Ақмола облысының тұтынушылары үшін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы мен облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда нүктелерінде жіберілген заңсыздықтарды анықтауға және жоюға бірлесіп әрекет етуде.

РКС: «Құпия сатып алушы» әдісін қолдана отырып, «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің өкілдері азық-түлік өнімдерінің 28 үлгісін сатып алды. Олардың тек 5-еуі ғана барлық техникалық регламент пен стандарт талаптарына сай сапалы өнім болып шықты. Көбіне Ресей мен Белоруссиядан әкелінген азық-түлік өнімдерінің жапсырмасында мемлекеттік тілде ақпарат болмаған.

СНХ: НҰРЛАН ҚАЛҚАМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Жұмыс барысында азық-түлік өнімдерінің 43 түріне зерттеу жүргізілді. Оның 23-інде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен таңбалау ережесі сақталмаған. 10 кәсіпкерге 553800 теңге көлемінде айыппұл салуға әкімшілік ұйғарым жасалды. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарылды. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрбір тұтынушының құқықтарын қорғау біздің басым міндетіміз.

РКС: Жалған тауар фактісі анықталған жағдайда азаматтар облыстың бірнеше ведомствосына жүгінуіне болады.

СНХ: ЖАННА БИАТАН, «МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ: Біріншіден, тұтынушыда фискалды чек сақталған болса, Әкімшілік кодексінің 425-ші бабы бойынша шаралар қабылдау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне жүгіне алады. Егер жеке тұлға болса, 30-дан 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік түріне, оның тәуекелдеріне және ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты. Онда айыппұлдар өте үлкен. Тұтынушы ақшасын қайтарып алғысы келсе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш бере алады. Егер өнімнің салдарынан тұтынушыға қандай да бір залал келсе, онда барлық залалды моральдық және материалдық жағынан өтеуге болады.

РКС: Тексеруші органдардың алдында қарапайым тұтынушыға қауіпті өнімді сатып алу фактісін дәлелдеу өте қиын. Ол үшін тұтынушы нақты алгоритмді білу міндет. Дүкеннің фотосуреті, мекенжайы мен Каспий аударымдары туралы ақпарат жеткіліксіз.

 ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АКПАРАТ.