ДИКТОР: Таиландта өткен «Kings CUP» 13-ші дәстүрлі Азия турнирінде өңір намысын қорғаған «Реверанс» спорттық би клубы 3-ші орынды иеленіп, жүлдегер атанды. Айта кетейік, жарысқа әлемнің 29 елінен мықты би ұжымдары қатысты. Айтулы додада ел намысын ақмолалық 2 жұп қорғады.

РКС: Пандемия кезінде тоқтап қалған «Kings CUP» турнирі қайта жанданды. Талай жарысқа қатысып жүлделі орындарды еншілеп жүрген «Реверанс» спорттық би клубының тәрбиеленушілері бұл жолы да олжасыз қайтқан жоқ.

СНХ: ЭЛЬМИРА ШАРИПОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША СПОРТТЫҚ БИ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Осы жолғы апарған құрама тым жас болды. 2 апта бойы тынбай дайындалдық. Қалай болған күнде де үмітіміз ақталды. Алғашында финалға шықсақ деп армандаған едік. Соңғы уақытта жүлделі орындарды хабарлаған кезде бізден бақытты жан болмаған шығар. Біз үшін жүлделі үшінші орын ең жоғары марапат. Еліміздің көк туын көкке желбіреттік.

РКС: Ясмин Қасым мен Ернұр Төлеген жарты жылдан аса жұптасып өнер көрсетіп жүр. Олар латиноамерикалық, еуропалық жанрдағы билерімен өзге елдерді таң қалдырып, үздік үштік қатарына қосылды.

СНХ: ЯСМИН ҚАСЫМ, ЕРНҰР ТӨЛЕГЕН, СПОРТТЫҚ БИДЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ: Спорттық биге алғаш рет мені ата-анам 3 жасымда алып келді. Содан бері 7 жыл зу етіп өте шықты. Таиландта 3 орын алғанымызда қуаныш пен қобалжу қатар болғанын жасырмаймын. Ата-анам да қатты қуанды. Кішкентайымнан Таиландқа баруды армандаушы едім, бидің арқасында орындалды. Турнир қатты ұнады. Жаттықтырушыларымызға алғысымыз шексіз.

РКС: Азия турнирінде 29 мемлекеттен келген жасөспірімдерден құралған би ұжымдары өнер көрсетті. «Реверанс» спорттық би клубының тәрбиеленушілері алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырамыз деп отыр. Алда Қарағанды мен Ресейдің Санкт Петербург қаласында өтетін халықаралық жарыстарда бақтарын сынамақ.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ