ДИКТОР: Ақмола облысында 505 азамат банкрот деп танылды. Жалпы кредиторлық берешек 500 миллион теңгеден асады. Олардың қарызын өтеу мерзімі 1 жылдан асып кеткен. Борышкер азаматтар тұрақты жұмысқа тұрмаған. Салдарынан, несиелерін жабуға қауқарсыз. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің төлемге қабілетсіз борышкерлер бөлімі баяндады.

РКС: Қарызбен байланысты мәселелерді шешу тетіктерінің бірі банкроттық рәсімдерін қолдану және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. 4 мыңнан астам ақмолалық халыққа қызмет көрсету орталықтары, электронды үкімет порталы немесе e-SalyqAzamat және eGovMobile мобильді қосымшалары арқылы өтініш берді. Көпшілігі Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград аудандарынан. Естеріңізге сала кетейік, тиісті заң өткен жылдың наурыз айында күшіне енген болатын.

СНХ: ТОБЫЛ ДЕМЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Заңда 3 түрі қарастырылған. Ол соттан тыс банкроттық, соттық банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі. Ең танымал процедура - соттан тыс банкроттық. Бүгінгі күні бұл рәсім банктер мен микрокредиттік ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелерге қолданылуы мүмкін. Аталған ұйымдарда берешек 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

РКС: Өңірде бүгінде соттан тыс банкроттықты қолдануға қатысты 300-ден астам өтініш қабылданды. Бұл рәсім 6 ай көлемінде жүргізілді. Банкротқа ұшырағандардың басым бөлігі 40 жасқа жетпегендер. Қарызға батқандардың ең жасы 19-да, ал үлкені 65 жаста.

СНХ: ТОБЫЛ ДЕМЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Соттан тыс банкроттықты қолдану бірқатар шарттарға жиынтықты түрде сәйкес келуі тиіс. Меншік құқығы, оның ішінде ортақ бірлескен меншік құқығы болмауы шарт. Өтініш берілген күнге 12 ай ішінде төлем жасалмаған болуы тиіс. Қарызды реттеу рәсімін өткізу, сондай-ақ жеті жыл бойы соттан тыс банкроттық қолданылмаған болуы керек.

РКС: Мамандар банкроттық қарыз мәселесін толығымен шешпейді. Бұл соңғы шара. Қарыздан құтылуға мүмкіндік берілгенімен, одан кейінгі салдары да бар. Яғни, бұл рәсімнен кейін 5 жыл ішінде несие алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, 3 жыл көлемінде борышкер мүлік сатып алмауы тиіс. Оған арнайы мониторинг жүргізіледі.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ