ДИКТОР: Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын талқылау қорытындысы бойынша халықтың пікірі ескеріле отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Аталған тұжырымдаманы іске асыру барысында облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «QAZAQ TILI LEGASY» атты облыстық семинар өтті.

РКС: Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Тұжырымдама іс-қимыл жоспарының «Тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге» арналған үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында өткізілді. Ақмола облысы бойынша 150-ге тарта тіл мамандарының басын қосқан облыстық семинарда нағыз қазақ тілінің жанашырлары жиналды.

СНХ: МЕЙРАМБЕК РАХЫМЖАНОВ, ЗЕЛЁНЫЙ БОР МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (БУРАБАЙ АУДАНЫ): Бүгінгі таңдағы қазақ тілінің көңіл бөлу, ондағы өзекті мәселелер, өзге тілді аудиторияға үйрету барысындағы және қазір білеміз цифрландыру жүріп жатыр, сол цифровизацияға байланысты қазақ тілінің жаңаша оқыту әдістемесі бар. Осындай семинарларды жиі өткізу, менің ойымша қазақ тіліне көңіл бөлу әсіресе мемлекет тарапынан, ішкі саясат басқармасы тарапынан мемлекеттік тіліміз қазақ тілін қолдау деп түсінеміз.

СНХ: АЙГҮЛ ТӨҢКЕР, СОФИЕВКА ОРТА МЕКТЕБІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: (ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ): Бұл жердегі жалпы қаралатын ең басты мәселе қазақ тілінің қолданысы, оның қолдану аясының кеңдігі және де тек қазақ тілі қазақ тілді емес өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін оның қолдану аясын кеңейту мақсатында көптеген іс- шаралар атқарылып жатыр.Бұл жердегі басты тақырып-біздің тілді оқытуды ерекше үлкен жолға салу, мәртебесін көтеру деп білемін.

РКС: Биыл мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленетін бүлдіршіндердің саны 70 процентке артқан. Облыс бойынша 146 мектепте 33 мыңнан астам оқушы мемлекеттік тілде білім алуда. Сондай-ақ биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 52 проценті, ал мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі қазақ тілді 280 балабақшада 16 мыңға жуық бүлдіршін қазақ тілінде тәрбиеленуде. Білім беру ұйымдарында, әсіресе, мектепте тіл саясатын жүзеге асыру ұстаздар қауымының, тіл мамандарының ең басты парызы, міндеті. Білім беру саласында бүгіндері жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға даярлау.

СНХ: ҚАСИЕТ МОЛҒАЖДАРОВ Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ: Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің оқыту әдістемелік жаңа бағыттарымен, жаңа үлгідегі жинақтармен таныстыру, солардың көрмесін жасау. Қазақ тілі қоғамда көтеріліп жатқан үлкен мәселе, соған байланысты ұстаздардың арасындағы тәжірибе алмасу қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті саласын оқытудағы жетістіктер, келекшектегі қаралатын мәселелер осы төңіректе мақсат етіп соны өткізіп жатырмыз.

РКС: Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. Білім нәрімен сусындаған шәкірті ұстазының сенімін ақтап жатса, мерейі арта түсері сөзсіз. Ел ертеңі өскелең ұрпақ мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақ тілімізге құрметпен қарайтындай дәрежеге жетсе, тілді оқытушы ұстаздардың ел алдындағы парызының ақталып жатқанын көрсетеді. Тіл ұлттың негізгі қуаты екені де сөзсіз. Семинар барысында айтылған мәнді ойлар, келелі пікірлер, ұсыныстар қазақ тілін цифрландыру жолындағы нақты жасалған қадамдардың бірі екенін көрсетті. Семинар барысында бірқатар тіл жанашыры марапатталды.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ