ДИКТОР: Көкшетауда Кеңес Одағы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Өмірбек Бәйкенов ғұмырының соңына дейін мамандығына адал болды. 40 жылдан астам облыстық онкологиялық диспансерде қызмет етті. Диспансердің бас дәрігері болды. Көзі тірі болғанда биыл 90-ға келер еді. Бүгін ақ халатты абзал жанның еңбек еткен мекемесінің жанынан мемориалды тақта ашылды. Салтанатты шараға дәрігер онкологтың әріптестері, шәкірттері, туған туыстары мен Көкшенің зиялы қауымы жиналды.

СТЭНДАП: МАҚПАЛ АЙБАБИНА, РЕДАКТОР: Өмірбек Бәйкеновтың қажырлы еңбегінің арқасында 1963 жылы облыстық диспансердің жанынан емхана ашылған. Облыстың барлық аудандық ауруханаларында онкокабинеттер пайдалануға берілді. Өңірдегі алғашқы радиоизотопты лабораторияны іске қосуға ықпал еткен жан.

РКС: Өмірбек Кәкімұлы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Біржан сал аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастайды. 1959 жылы облыстық онкодиспансерге хирург болып жұмысқа орналасады. Облыста оның басшылығымен онкологиялық ауруларға қызмет көрсетудің ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстары жүргізіле бастады. Қатерлі ісік аурулары жөнінде көптеген ізденіс, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Киевте, кейін Мәскеу қаласында орталық онкологиялық ғылыми-зертеу институтында білімін шыңдап, онкохирургия саласында білікті мамандармен тәжірибе алмастырды.

СНХ: РАУЗА БӘЙКЕНОВА, ЖҰБАЙЫ: Өмірбектің қайтқанына мінекей 9 жылға кетіп бара жатыр. Оның аты аталмай қала ма деп қатты уайымдаушы едім. Қартайғанда ойлаймын сенің атыңды бір шығара алмай баратын шығармын деп. Олай емес, халықтың Өмірбегі болған екен. Мен бүгінгі жиналған халықты көріп, әріптестерін көріп, жүрегім қуанышта тұр. Өзінің еңбегі, дәрежесі жазылып, өзі қызмет еткен диспансердің қабырғасына тақта іліп жатыр.Мұның барлығы мен үшін үлкен бақыт.

РКС: Жиында білікті дәрігермен бірге еңбек еткен әріптестері, Көкшенің зиялы қауым өкілдері сөз алды.

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Шынын айтқанда бұл тақта түгіл мына онкологиялық диспансер аллеясында Өмірбек ағамыздың бюсты тұрса да ол артықтық етпес еді. Өздеріңіз ойлаңыздар сонау 1961 жылдан бері өмірінің соңына дейін осы онкологиялық диспансер жұмыс істесе екен, елге қызмет етсе екен деп анау қызыл кірпішті тар ғимараттан бастап мынадай үлкен аурухананы салғызуы біздің көз алдымызда.

РКС: Өмірбек Бәйкенов онкология саласында 40 жылдан аса қызмет етті. Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі зор. Алдағы уақытта ол кісінің есімін ұлықтау мақсатында бірқатар шара өткізу жоспарланып отыр.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ