ДИКТОР: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Сондықтан бұл істе әрбір азамат белсенділік танытуы шарт. Жемқорлықтың алдын алуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында ауқымды шаралар қабылданып жатыр. Десе де қоғамды жайлаған індеттен әзірге құлан-таза арылу мүмкін болмай отыр.

РКС: Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына агроөнеркәсіптік кешендер, жер қатынастары, экология, жол және инфрақұрылымдар кіріп отыр. Сонымен бірге әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, тіпті құрылыс саласындағы өзекті нысандар да енгізілген. Мұның бәрі өңірдің ерекшелігі ескеріле отырып жасақталған. 9 ай ішінде 4 сыртқы сараптама және жемқорлыққа қарсы 3 мониторинг жүргізілген. Оның қорытындысына сәйкес анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін атқарушы органдарға 40-қа жуық ұсыным берілді.

СНХ: АСХАТ ОРАЗХАН ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Мысалы, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактісі анықталды. Онда футболшылардың жалақы мөлшері лимиттен асып кеткен, сондай-ақ «Оқжетпес» футбол клубының қызметінде сыйақы төлемдері жасырын болып келген. Аталған клубқа бюджеттен 6 жыл көлемінде 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 9 млрды жалақы, сыйақы және іссапар шығындарына жұмсалған. Біздің ұсынысымыз бойынша клуб директоры негізгі құрам үшін 2 миллион және әкімшілік персонал үшін 1 млн теңгеден аспайтын жалақы түрінде лимит бекітті.

РКС: Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы сараптамасына сәйкес біраз былықтың беті ашылды. Тиісті сомадан артық төлеу, субсидияны кезектен тыс беру деректері анықталды. 250 шаруа қожалығының құқығы қалпына келтірілді. Алғашқы пилот ақшаны бояуға қатысты. Ол ауыл тұрғындарын несиелендіруге байланысты «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерік субьектілеріне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бөлетін қаржы. Бағдарлама ауыл тұрғынларының табысын арттыруға бағытталған. Екінші жоба – ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан кәсіпкерлерге бөлінетін инвестициялық субсидия. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттің қолдауы. Құрылыс саласына келсек, облыс аумағында сақалды құрылысқа айналған 15 нысан бар. Мердігерлердің өз міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан ол ел игілігіне уақытылы тапсырылмай отыр.

СНХ: АСХАТ ОРАЗХАН ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүгіндері 5 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде көппәтерлі 4 тұрғын үй және 1 үйдіғ маңайы абаттандырылды. Нұра су құбыры және "Алаш Арыстары" саябағы аяқталуға жақын. Жыл басынан бері 318 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оларға 330 млн теңгеден астам берешегі төленді. Лауазымды 8 тұлға жазаланды.

РКС: Брифинг барысында денсаулық, білім беру салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де сөз болды. Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаудың алдын алу мақсатында департамент тарапынан мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізіліп отырады. Бұл ең алдымен бағаны көтермеуге жол бермейді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру да маңызды. Бұл ретте волонтерлердің көмегі зор. Жыл басынан бері 400-ге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілген. Волонтерлермен бірлесіп мемлекеттік сатып алулар кезінде 619 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ