ДИКТОР: Поэзиясы мен драматургияға жаңалықтар енгізген жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл толды. Қоғам мен мемлекеттің дамуына үлес қосқан қазақ халқының қарымды қаламгердің мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ғылыми-практикалық конференция өтті.

РКС: Қарағанды өңірінде дүниеге келгенімен, өмірі Ақмола облысымен тығыз байланысты болды. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы деп жырлаған ақын еңбек жолын дәл осы аймақта бастаған. Оның бастауымен сол кездегі алғашқы «Тіршілік» газеті жарыққа шықты. Бір ғасырдан астам тарихы бар басылым қазір «Арқа Ажары» деген атаумен Ақмола жұртшылығының жаршысына айналды. Ғылыми конференцияда «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Диқан Қамзабекұлы Көкшетау өңірі Сәкен Сейфуллиннің жастық-шағы, шығармашылығының жемісті кезеңі осы өңірмен байланысты екенін атап өтті.

СНХ: ДИҚАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, «ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Сәкен Сейфуллин 22-25 жылдары аралығында үкімет басқарған кезде өз еңбегін өз жұмыс бағытын бәрін халықтың игілігіне, халықтың әл-ауқатының өсуіне, рухани дамуына жұмсаған адам. Сәкен өз дәуірінде ұлтқа, елге қызмет еткен бірегей тұлғалардың бірі. Зиялыларды сол дәуірдің көзімен емес, бүгінгі көзбен қарауымыз керек. Бүгінгі конференция Көкше жұртына ғана емес, бүкіл республикамызға да бір маңызды ойлар, пікірлер ойға тасталады деп есептейміз. Сәкенді тану жұмысы әрі қарай жалғасады. Сәкен тануға байланысты Көкшетау ғалымдарының да ойы маңызды қазір бір топ Астанадан келіп отырмыз ой-пікірлерді халықпен бөлісеміз деп ойлаймын.

РКС: Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көтерілген. Сондай-ақ ақынның «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы» туындыларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі күйін суреттейді. Шығармалары әлемнің көптеген тілінде жарық көрді. Оның есімі ақмолалықтар үшін ардақты. Сондай-ақ Көкшетау поэмасында Бурабайдың сұлу табиғатын жырлаған. Жазушы, драматургтың шығармашылығын одан әрі зерттеу мен тану өскелең ұрпақ үшін аса маңызды. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына өңірде білім алып жатқан студенттердің жанына жақын. Қоғам және мемлекет қайраткерінің мерейтойына арналған шараның барысында студенттер оның қоғамға енгізген жаңашылдықтарымен таныс болды.

СНХ: ӘМИНА ЖАМБЫЛ, «АРНА» КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Біз оның Алаш қозғалыстағы жеткен жетістіктеріне, әдеби шығармашылықтары және де өзінің жеке өмірбаяны туралы толық білдік. Мен тағы да Сәкен Сейфуллин атамыздың шығармашылық жолдары туралы көбірек мәлімет білдім. Өзіме шығармашылық туралы ой түйдім,яғни тағы да атамыздың жеке кітаптарын немесе тағы басқа шығармашылықтарын оқып көруге деген өзіме мотивация алдым десем де болады бүгінгі конференцияда.

РКС: Конференция соңында қатысушылар Сәкеннің шығармашылығы әрі қарай зерттелуі қажет екенін айтты, сонымен қатар шығармашылығын ғылыми тұрғыда насихаттауға қатысуға үндеу тастады. Сонымен қатар ұлы ойшыл, ақынның 130 жылдығына арналған шара соңы ақынның «Көкшетауға сәлем» атты өлеңіне жазылған әсем әнмен аяқталды.

ИНТЕРШУМ:

САБИНА ЖАМШИТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ