ДИКТОР: Өрт қаупі жоғары кезең басталды. Әзірге облыс аумағында орман өрті тіркелген жоқ. Ауа райы күрт ысыған тұста қалалықтар жиі табиғат аясына шығып жүр. Көбіне демалушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамай, қызыл жалынның орын алуына себепкер болып жататыны жасырын емес.

РКС: Облыста орман өртінің алдын алуға дайындық қалай жүріп жатыр? Қауіпті кезеңнен қиындықсыз өтудің жолдары қарастырылған ба? «Аманат» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында өрт қаупі жоғары кезеңге дайындыққа жауапты жергілікті мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары есеп берді.

СНХ: ӘСЕТ ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ақмола облысының аумағында 8-ші сәуірден бастап өрт қаупі жоғары кезең басталды. Профилактикалық жұмысты тоқтатқан жоқпыз. 100-ден астам мобильді топ құрылды, олар күн сайын рейдтік шаралар өткізеді. Қолда бар интернет-порталдар арқылы орман және жазық дала аймақтарына мониторинг жүргізіледі. Аумақта өртті ерте анықтай алатын жүйе бар. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 1 миллион теңгеден асады.

РКС: Орман өртінің алдын алу және оны жоюдың жүйесін жетілдіруге қатысты кешенді ұйымдастыру шаралары да жүргізіледі. Оған жауапты облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы. Орман шаруашылығы мекемелерінде 28 өрт бақылау мұнарасы мен 26 бекет бар.

СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласының аумағында өртті ерте анықтау жүйесі бар. Ақмола облысының аумағында ормандағы жалпы ахуалды тәулік бойы бақылайтын 5 бейнекамера орналастырылған. Яғни, түтін пайда болған сәтте-ақ жедел басқару орталығына ақпарат келіп түседі. Ол жерде тәулік бойы кезекшілік қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті әрбір мемлекеттік мекемеде де тәулік бойы кезекшілік атқаратын диспетчерлер бар.

РКС: Оқу орындарында да табиғат аясындағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты балалармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сақтық шараларына ерекше мән берген жөн. Ол ең алдымен облыстағы экологиялық ортаны сақтауға ықпал етпек.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, МӘДИНА ӘБДІКӘРІМОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ